Шымкенттің «Ордабасы» футбол клубы UEFA Конференция лигасындағы ойындарын бірінші іріктеу кезеңінде аяқтады.
Оңтүстіктің командасы Грузияның «Торпедо» (Кутаиси) клубымен ойнап, 1:1 есебімен тең түсті. Соның кесірінен «Ордабасы» екінші айналымға шыға алмады. Себебі, Кутаисиде болған бірінші матчта алаңиелері Шымкенттің жасағын 4:3 есебімен жеңген еді.
«Ордабасы» екінші ойында да жеңіліп қала жаздады. Бұл матчта бірінші болып қонақтар есеп ашты. 45-минутта «Торпедо» сапындағы Ираклий Бидзинашвили голдың авторы атанды.
Екінші таймда грузиялық командадан Соломон Кверквелия 49-минутта қызыл қағазбен алаңнан қуылды. Соған қарамастан «Торпедо» тоқсаныншы минутқа дейін алаң иелеріне беріспей, есепті сақтап тұрды.
Ойынның 95-минутында «Ордабасы» құрамындағы Абылайхан Жұмабек таразы басын теңестіріп, команданы жеңілістен сақтап қалды. Солай болса да клуб екінші айналымға шыға алмады.
Бұдан бұрын Алматының «Қайрат» клубы UEFA Чемпиондар лигасының бірінші іріктеу турнирінде Словенияның «Олимпия» командасын (1:1, 2:0) жеңіп, екінші айналымға жолдама алды. Ал «Астана» аталған турнирді екінші іріктеу сатысынан бастайды.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА