28 маусымда Алматы қаласындағы «Динамо» стадионында Қазақстан Республикасының Құрметті азаматы, С.Бердікұлов атындағы сыйлықтың иегері, Кордай ауданының Құрметті азаматы, белгілі спорт комментаторы, ақын—жазушы Ақын Ордабайұлы ағамыздың 60 жасқа толуына орай ардагерлер арасында футболдан турнир өтті.
Бұл турнирге өзім де куә болдым.
Турнирдің ашылу салтанатына Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері, қазіргі Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев, қазақ күресінің білгірі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ерғали Мұхитдинов пен Астана қаласынан келген Туризм және спорт министрлігінің өкілі Мейрам Сапарғалиев қатысты.
Салтанатты рәсімде Ақын Ордабайұлы аталған министрілік тарапынан «Спортты дамытуға қосқан ерен еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
Турнирге барлығы 8 команда қатысып, өзара тартысты ойын көрсетті. Нәтижесінде бірінші орынды «Қазақфильм» командасы жеңіп алса, екінші орынды «Іле» командасы, ал үшінші орынды «Динамо» командасы иеленді.
Турнир қорытындысы бойынша «Үздік қорғаушы» атағына «Динамо» командасының капитаны Сайфутдин Шамсутдинов, «Үздік қақпашы» атағына Мұрат Нұркеев пен Айбек Үшкемпіров ие болды.
Жарыстың «Үздік ойыншысы» атағын елімізге белгілі спорт журналисі Әлім Анапиянов ағамыз иеленді.
Бұл турнир — тек спорттық бәсеке ғана емес, Ақын Ордабайұлы ағамыздың ел спортына қосқан үлесін тағы бір мәрте бағалаған, құрметке толы іс-шара болды деп есептеймін.
Грек рим күресінен халық аралық спорт шебері, лектор Б.Т. ДЖИГАРБАЕВ
С.Д.Асфедияров атындағы ҚазҰМУ
АЛМАТЫ