Малайзияның Кучинг қаласында паратаэквондодан (пумсэ) өткен Азия чемпионатында Қазақстан құрамасының спортшылары 2 алтын, 2 күміс және 1 қола жүлде жеңіп алды, деп хабарлады Таеквондо федерациясы.
Абзал Ахметкерей (Р31 санаты) мен Карен Овсепян (Р33 санаты) чемпион атанды. Елдос Жәнібек (Р34 санаты) пен Дәурен Серіков (Р33 санаты) күміс жүлдегер болса, Айдарбек Расқалиев (Р21 санаты) қола медальді иеленді.
Енді таяу арада Астанада таэквондодан халықаралық Kazakhstan Open турнирінің жалауы көтеріледі. Онда жасөспірімдер, жастар және ересектер күш сынасады. Әзірше оған 750-ден астам спортшы қатысатынын растап отыр.
Бұл додаға Ауғанстан, Армения, Канада, Франция, Үндістан, Иран, Қазақстан, Кувейт, Қырғызстан, Оман, Люксембург, Марокко, Непал, Пәкістан, Палестина, Қытай, Сауд Арабиясы, Түркия, Тунис, Біріккен Араб Әмірліктері, АҚШ және бейтарап мәртебедегі (AIN) спортшылар келеді деп жоспарланып отыр.