Алматының «Қайрат» клубы футболдан UEFA Чемпиондар лигасы үшінші іріктеу кезеңінде Словакияның «Слован» командасымен ойнап, жеңіске жетті.
Матч басталысымен командалар бір-бірінің қақпасына тез гол соғуға тырысты. Әсіресе, алаң иелері қонақтардың қақпасына лап қойды. «Слованның» ойыншылары да қарап қалмай, «Қайратқа» шабуыл жасап, есепті бірінші ашқысы келді. Алайда, онысынан ештеңе шықпады. «Қайраттың» да шабуылдары өңбеді.
Екінші таймда алаң иелері алаңның барлық жерінде басымдық танытып, ойынды өз бақылауына алды. Осыған қарсыластардың жүйкесі шыдай алмай, сыр беріп, дөрекі мінезімен көпшіліктің көзіне түсті. Осындай сәттердің бірінде «Слован» сапынан Рахим Ибрахим 65-минутта қызыл қағазбен алаңнан қуылды. Бас төреші «Слованның бас жаттықтырушысы Владимир Вайссқа да қызыл қағаз көрсетті. Енді екеуі келесі ойынға қатыспайды. Осыдан кейін Словакия клубының ойыны жүрмей, жасыл алаңнан аяқтарын әкетуге тырысты. Алайда «Қайрат» бір гол салмай, алаңнан кетуді ойлағысы келмей, шабуылды одан сайын жиілетіп, ақыр соңында ойынның негізгі уақыты аяқталғанда допты торға тоғытуға тамаша мүмкіндік алды. «Қайрат» сапынан Дастан Сәтпаев 11 метрлік пенальтиден мүлт кеткен жоқ.
95-минутта алаң иелері тағы бір гол салды. Дастан Сәтпаевтың берген пасын әріптесі Рикардиньо пайдаланып, нысананы дәл көздеген еді. Бірақ оны бас төреші VAR қарағаннан кейін футболшы ойыннан тыс қалды деген желеумен есептемей тастады.
Енді командалар 12 тамызда Словакияның астанасы — Братислава қаласында екінші рет ойнайды.
Еске салсақ, «Қайрат» бірінші және екінші іріктеу кезеңінде Словенияның «Олимпия» (1:1, 2:0), Финляндияның КуПС клубтарын (0:2, 3:0) жеңіп, келесі кезеңге шықты. Ал словакиялық клуб екінші іріктеу кезеңінде Босния және Герцоговинаның «Зриньски» командасын (4:0, 2:2) жеңді.
Егер «Қайрат» екі ойынның нәтижесі бойынша «Слованнан» айласын асырса, плей-оффта Шотландияның «Селтик» командасымен ойнайды. Ал Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне түскен жағдайда Швейцарияның «Янг Бойз» клубымен ойнауы мүмкін.
«Астана» клубына келсек, ол Конференция лигасы үшінші іріктеу кезеңінде сырт алаңда Швейцарияның «Лозанна» командасымен ойнайды.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА