World Boxing аясында Таиландтың астанасы — Бангкок қаласында 22 жасқа дейінгілер арасында Азия чемпионатында ұлттық құрама команданың бес боксшысы финалға шықты.
Әуелі Нұрислам Қалдыбаев (60 кг) Бутанның боксшысы Дечен Дорджиді уақытынан бұрын жеңсе, Илья Калинин (65 кг) Филиппиннің өкілі Марк Эшли Фаджардомен шаршы алаңға шықпай жатып, финалға жолдама алды. Оның қарсыласы жекпе-жектен бас тартты.
70 кило салмақтағы Нұрбек Мұрсал болса, малайзиялық Мухаммад Арифті, Санжарәлі Бегалиев (80 кг) үнді Анкушты, Темірлан Мұқатаев (90 кг) оңтүстіккореялық Ячан Мунды жеңіп, финалға шықты.
Жарыс күнінің кешкі сессиясында рингке әйелдер көтеріледі. Гүлназ Бөрібаева (48 кг), Бақыт Сейдіш (70 кг), Шұғыла Нәлібай (75 кг) мен Әсел Тоқтасын (80 килодан аса салмақ) қолға түйістіреді.
Азия чемпионаты 30 шілдеде басталды. Ол 12 тамызға дейін болады. Оған 25 елден 396 боксшы (237 ер және 159 әйел) қатысып жатыр. Олардың арасында Қазақстан, Ауғанстан, Филиппин, Гонконг, Үндістан, Индонезия, Иран, Ирак, Жапония, Оңтүстік Корея, Сауд Арабиясы, Қырғызстан, Малайзия, Моңғолия, Непал, Қатар, Қытай, Сингапур, Шри-Ланка, Таиланд, Түркіменстан, Өзбекстан, БАӘ, Вьетнам, Бутанның былғары қолғап иелері бар.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА