16–30 тамыз аралығында Шымкент қаласында нысана көздеу спортынан өтіп жатқан XVI Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы сәтті өнер көрсетіп жатыр. Қазір ұлттық құрама команда 9 медальді атап айтқанда, 2 алтын, 1 күміс және 6 қола жүлдені жеңіп алды.
Елімізге алғашқы алтынды Ислам Сатпаев сыйлады. 10 метрлік пневматикалық винтовка жаттығуының финалында Алматы қаласының өкілі, Париж-2024 Олимпиадасының қола жүлдегері қытайлық және кореялық қарсыластарын артта қалдырып, Азия чемпионы атанды.
Жасөспірімдер арасындағы «скит» жаттығуында тағы бір алматылық спортшы Артём Седельников алтын медаль иегері атанды. Ол финалда ұпай саны бойынша Үндістан спортшыларын артта қалдырды.
Бұған дейін әйелдер арасындағы «скит» жаттығуында Анастасия Молчанова қола жүлде алса, командалық есепте Ольга Хайлова, Адель Садақбаева мен Анастасия Молчанова күміс жүлдені иеленді.
ПП-3 жаттығуында жасөспірімдер командасы (Кирилл Федькин, Рамазан Ынтықбай, Кирилл Цуканов) қола жүлдеге ие болды. Дәл осы жаттығуда жасөспірім қыздар құрама командасы (Сәуле Әлімбек, Кристина Устинова, Асылым Жақия) қола жүлдегер атанды. Сондай-ақ жастар арасындағы командалық ПП-3 жаттығуында Кира Владимирова, Алиса Краденова мен Софья Жукова қола медаль жеңіп алды.
Сонымен қатар, ПП-микс жаттығуында жасөспірімдер жұбы Кирилл Федькин мен Сәуле Әлімбек ел қоржынына тағы бір қола жүлде қосты. Осы жаттығуда ұлдар арасында Даниил Смирнов пен Алиса Краденова да қола медаль иеленді.
Айта кетейік, чемпионатқа 27 елден 800-ден астам спортшы қатысуда. Азия чемпионатында 700-ден астам медаль сарапқа салынады.
Жарысты Қазақстан нысана көздеу федерациясы Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен өткізіп жатыр.