• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

    Түркістан төрінде төл күресімізден Әлем кубогы басталды

    Түркістан қаласында қазақ даласының даңқты батыры, күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлының жүлдесіне арналған қазақ күресінен ересектер арасындағы Әлем кубогы салтанатты түрде басталды, деп хабарлады Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.

    Төл спортымыздың мәртебесін арттыруды мақсат еткен халықаралық доданың ашылу рәсіміне Түркістан облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов, Qazaq Kuresi қауымдастығының бас директоры Дамир Бекбосынов және Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, спортшыларға сәттілік тілеп, жылы лебіздерін білдірді.

    – Түркі әлемінің рухани астанасы – қасиетті Түркістанға қош келдіңіздер! Бүгін қазақ күресінен ұлт мақтанышы, күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы Әлем кубогы өтіп жатыр. Қазақ күресі – ұлттық спорт түрлерінің ішінде айрықша рух пен қайсарлықты дәріптейтін төл өнеріміз. Бүгінде әлемнің 40-тан аса елінде қазақ күресінің федерациялары құрылып, жүйелі жұмыс атқарылуда. Соңғы жылдары Әлем, Азия, Африка және Еуропа чемпионаттары тұрақты өткізіліп, қазақ күресі жаңа деңгейге көтерілді. Сондай-ақ елімізде жоғары дәрежеде ұйымдастырылып келе жатқан «Тұран барысы», «Қазақстан барысы», «Еуразия барысы» және «Әлем барысы» сынды турнирлер халықтың зор қызығушылығына ие. Күні кеше қазақ күресінен ересектер арасындағы Азия чемпионаты сәтті аяқталды. Бүгінде Түркістан қаласы қазақ күресінің халықаралық орталығына айналып отыр, – деді Ертай Кенжебекұлы.

    30-31 қазан күндері өтетін дүбірлі додада 14 елден келген 100-ге жуық балуан боз кілемге шығып, 8 салмақ дәрежесі бойынша бақ сынайды. Ер жігіттің ептілігі мен қайратын, рухы мен төзімін сынға салатын бұл жарыс әлемнің үздік балуандарын анықтамақ.

    Жыл өткен сайын ауқымы кеңейіп, ұйымдастыру деңгейі артып келе жатқан байрақты бәсеке биыл ерекше форматта өтуде. Доданың жоғары деңгейде өтуіне еліміздің ұлттық спорт қауымдастығы мен Түркістан облысы әкімдігі бірлесе атсалысып отыр.

    Қазақ күресінің абыройын халықаралық аренада жаңа белеске көтеруді көздейтін бұл Әлем кубогы – спортшылар үшін үлкен сын, ал жанкүйерлер үшін нағыз рух мерекесі болмақ.

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *