• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    Қазақстан футбол федерациясы

    Байсуфиновке «бес» деген баға береміз! (ВИДЕО)

    Бүгін кешке «Астана Арена» екі сағаттай теңселіп тұрды. Осы күні футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионаты іріктеу кезеңіндегі кезекті ойынын Бельгия командасымен ойнап, жанкүйерге керемет кеш сыйлады.

    Бұл матч 1:1 есебімен аяқталды. Сөйтіп, Талғат Байсуфинов жасақтаған ұлттық құрама дүниежүзілік рейтингте 8-орында тұрған азулы қарсыласымен тең түсіп, жанкүйер қауымның ыстық ықыласына бөленді. Әңгіменің ашығын айтсақ, көп адам Қазақстан құрамасының «қызық сайтандармен» иық түйістіріп ойнайтынына, мықты қарсыласпен тең түсетініне сенбеген еді. Матчта екі доп, әрі кетсе үш доп айырмашылығымен жеңілетінін ойлаған едік. Алайда, Талғат Маруанұлы бастаған құрама ойынның бірінші минутынан бастап, алаңның иесі кім екенін дүркін-дүркін шабуылдар арқылы білдіріп, оны бас төрешінің соңғы ысқырығына дейін көрсетіп берді.

    Бұл матчта алаң иелері намысқа тырысып, жақсы ойнап шықты. Ұлттық құрама соңғы ойындарда тамырына қайта қан жүгірген команда екенін көрсетті. Ойындағы бірінші голды да Қазақстан жасағы салды. Матчтың 9-минутында жас шабуылшы Дастан Сәтбаев алаңның ортасынан қара үзіп шығып, Бельгия қақпасын сол аяғымен дәл көздеді. Бұл 17 жастағы жас футболшының құрама сапында соққан алғашқы голы болды. Бұған дейін ол ұлттық құрама сапында бес рет алаңға шығып, жақсы ойын өрнегін көрсеткенімен, бірде-бір гол салмаған еді.

    Осыдан кейін Бельгия ойыншылары бірінен соң бірі шабуыл жасап, Темірлан Анарбеков қорғаған қақпаны нысанаға алып жатты. Қазақстан құрамасы да қарап жатпады. Әсіресе, Ғалымжан Кенжебектің сол қапталдан шірене тепкен соққылары қарсыластарға кәдімгідей қауіп төндіріп отырды. Оның Сәтбаевтың голынан кейін Бельгия қорғаушыларынан сытылып өтіп, қақпаның «тоғыздығын» нысанаға алып, допты шиыра тепкені де әлі көз алдымыздан кетпей отыр. Одан басқа Еркін Тапалов, Рамазан Оразов, Ислам Чесноков, Максим Самородов, Бағдат Қайыров, Әлібек Қасым, Ян Вороговский өз позицияларында лайықты ойнаса, екінші таймда алаңға шыққан Дамир Қасаболат, Дінмұхамед Қараман, Георгий Жуков пен Иван Свиридов та шама-шарқынша есепті тең ұстауға атсалысты. Қақпашы Темірлан Анарбеков туралы бөлек әңгіме. Егер шындықтың бетіне тура қарасақ, ол болмағанда ұлттық құрама бұл ойында үлкен есеппен жеңілер еді. Темірланның өзі ойында бірнеше сейв жасады. Бірнеше рет қақпаға кіріп бара жатқан допты қолының ұшымен қайтарып жіберді. Ол ойынның үздік ойыншысы деп танылды.

    Матчтың соңында Бельгия жасағының бас жаттықтырушысы Руди Гарсия да Темірлан Анарбековтың өнерін бас бармақпен бағалап, ойыншыларының гол сала алмағандарына өкініп, басын шайқап қайтты.

    -Қазақстанның қақпашысы мықты екен. Сөз жоқ, — деді ол баспасөз мәслихатында.

    Екінші таймда бельгиялықтар есепті тез теңестіріп кетті. Ойынның 48-минутында Ханс Ванакен оң қапталдан Тимоти Кастаньның әуелете берген пасын баспен торға тоғытты.

    Матч осылай алма-кезек шабуылдармен жалғасып, қарсыластар айқасқа түсіп жатқанда 77-минутта Қазақстан құрамасының ойыншысы Ислам Чесноков алаңнан қуылды. Осы кезде алаң иелерінің мойынына нағыз сынақ түсті. Дегенмен ұлттық құрама бұл сынақтан да сүрінбей өтті. Таблодағы 1:1 деген есеп ойынның негізгі уақыты аяқталған соң қосылған 5 минутта да өзгермеді. Осылайша, отандастарымыз 10 ойыншымен азулы қарсыластарына қарсы матчта есепті тең ұстап, ерлік көрсетті. Ал Бельгия бүгін Қазақстанды жеңген жағдайда әлем чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алар еді. Енді Бельгия 18 қарашада өз алаңында Лихтенштейн құрамасымен ойнайды.  «Қызыл сайтандар» қазірдің өзінде мундиальға шығып отыр десек болады. Қолда бар мәліметке қарағанда, олар J тобында 7 ойынан кейін 15 ұпай жинап, бірінші орында тұр.

    Екінші орында 7 матчта 13 ұпай иеленген Солтүстік Македония командасы келе жатса, оның өкешесін 7 ойында 13 ұпай алған Уэльс жасағы басып келеді. Енді екінші орынның тағдыры да осы Солтүстік Македония мен Уэльстің ойынының арасында шешіледі. Ал Қазақстан командасы іріктеу турнирін бесінші орынмен аяқтады. Ұлттық құрама 8 матчта 8 ұпай жинады. Екі рет жеңіп, екі рет тең ойнап, төрт рет жеңіліп, 9 доп соғып, 13 гол жіберіп, өз тобында бесінші орын алды.

    Қазақстан Уэльстен 1:3, 0:1, Солтүстік Македониядан 0:1, Бельгиядан 0:6 есебімен жеңіліп, Солтүстік Македониямен 1:1 тең түссе, Лихтенштейнді 4:0, 2:0 есебімен жеңді.

    Сөз соңында ұлттық құрама команданың бас жаттықтырушысының міндетін атқарушы Талғат Байсуфинов туралы айтпасқа болмайды. Бір сөзбен айтсақ, Талғат Маруанұлы бас жаттықтырушы болып қалу керек деп ойлаймыз. Біздің елге Ресейден де басқа шетелден де «маман» керек емес. Бізге қазақпен қазақша сөйлейтін, ойыншының жүрегіне жететін сөздер айтып, оны тыңғылықты дайындап, намысын қайрап, алаңға жігерлендіріп шығаратын жаттықтырушы керек. Қазір біз бұл орынға Байсуфиновтен басқа бапкерді көріп отырған жоқпыз. Сондықтан да біз оған бұған дейін бас жаттықтырушы болған Әли Әлиевтің жолын жалғастырып, бұлақтың көзін ашып, команданы жігерлендіріп ойнатқаны үшін «бес» деген баға береміз! Оған бәріміз келісеміз деп ойлаймыз.

    Қазақстан – Бельгия – 1:1

    Гол соққан: Сәтбаев 9 – Ванакен 48

    Ескертулер: Тапалов 29, Сәтбаев 46, Қайыров 69, Байсуфинов 78, Анарбеков 84 – Онана 40

    Алаңнан қуылды: Чесноков 79

    Қазақстан: Анарбеков (Қ), Вороговский, Қасым, Әліп (К), Қайыров,​ Тапалов (Жуков 90+2), Оразов (Қасабулат 90+1), Самородов (Қараман 80) – Кенжебек (Әшірбек 57), Чесноков, Сәтбаев (Свиридов 56);

    Қосалқы құрам: Сейсен (Қ),  Шайзада (Қ), С.Астанов, Малый, Жагоров, Э.Астанов, Жумат;

    Бас жаттықтырушының міндетін атқарушы: Талғат Байсуфинов.

    Бельгия:  Селс (Қ), Сейс (де Кейпер 81), де Винтер, Теате, Кастань, Раскин (Верман 89), Онана (Тилеманс 71), Ванакен, де Кетеларе (Опенда 71),  Доку, Троссар (Салемакерс 71);

    Қосалқы құрам: Ламменс (Қ),  Вандевоордт (Қ) – Мехеле – Витсель, Люкебакио, Ванхаутте, Морейра;

    Бас жаттықтырушы: Руди Гарсия.

    Төрешілер: Донатас Румшас, Александр Радиус, Довидас Сужеделис, Робертас Валиконис (бәрі – Литва).;

    15.11.2025. «Астана Арена», Астана. 28 012 көрермен.

     

    Дастан КЕНЖАЛИН,

    АСТАНА

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *