Халықаралық футбол тарихы және статистикасы федерациясы (IFFHS) әлемдегі ең үздік 500 футбол клубының жаңартылған рейтингін жариялады, деп хабарлады ҚазАқпарат.
Тізімге елімізден тек Алматының «Қайрат» футбол клубы кірген. Клуб 90,75 ұпаймен 240-орынды иеленді.
-Рейтингтің көшін Францияның «Пари Сен-Жермен» клубы бастады. Екінші орында — Мадридтің «Реал», ал үшінші орынға — Лондонның «Челси» командасы орналасты.
-Бұған дейін «Қайраттың» қақпашысы Темірлан Анарбековтің беделді рейтингте Килиан Мбаппеден озып шыққаны хабарланған болатын, — делінген материалда.
SofaScore футбол порталы 2025/26 маусымындағы УЕФА Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінің алтыншы турынан кейін футболшылардың жаңартылған рейтингін жариялады. Бұл рейтинг футболшылардың ойын статистикасына негізделген.
Тізімде Темірлан Анарбеков ең жоғары бағамен көш бастады. Ол жалпы кезеңде төрт матчқа («Пафос», «Копенгаген», «Олимпиакос» және «Интер» клубтарына қарсы) қатысып, сарапшылардан ортақ есеппен 8,9 балл алды.
Екінші орында Мадридтің «Реал» клубының шабуылшысы Килиан Мбаппе (8,34 балл), ал үшінші орынға «Галатасарай» клубының ойыншысы Виктор Осимхен (8,33 балл) жайғасты.
Темірлан Анарбеков — Чемпиондар лигасында матчтың үздік ойыншысы (MVP) атанған алғашқы қазақстандық футболшы. Ол бұл жетістікке алтыншы турда, Астанада өткен грек клубы «Олимпиакоспен» матчтан кейін жетті.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА
SportPress.kz Қазақстан спорт жаңалықтары