Польшаның Якушице қаласында тірек-қимыл аппараты және көру қабілеті зақымданған спортшылар арасында өтіп жатқан пара шаңғы жарысынан Әлем кубогының кезеңінде Ербол Хамитов (LW12) 6 км қашықтықты 18 минут 24 секундта жүріп өтіп, күміс жүлдеге ие болды, деп хабарлады Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің «Дене мүмкіндіктері шектеулі адамдаорға арналған сплрттық даярлау орталығы» РМҚК.
Алтын жүлдені Италияның спортшы Джузеппе Ромель (18:02) жеңіп алса, қола жүлде украиналық Павел Бальге (18:27) бұйырды.
Бұл – Ербол Хамитовтың пара шаңғы жарысынан Әлем кубогындағы екінші күміс жүлдесі. Бұған дейін ол 1 км спринттік жарыста да күміс жүлдегер атанған болатын.
Пара шаңғы жарысынан Әлем кубогы кезеңі 28 қаңтар басталған. Ол 1 ақпанға дейін болады. Додаға әлемнің 25 елінен 300-ге жуық спортшы қатысып жатыр.
Қазақстан ұлттық құрамасы сапында Александр Герлиц (LW6), Сергей Усольцев (LW12), Нұрлан Әлімов (LW6), Юрий Березин (LW12), Владислав Кобаль (LW8), Роман Курбанов (NS3), Анна Грачова (NS3) пен Денис Зинов (LW3) бар. Алдағы күндері спортшылар 10 км классикалық және 10 км жаппай старт жарыстарында бақ сынайды.
Жарыс Милан–Кортин–2026 XIV қысқы Паралимпия ойындарына жолдама беретін рейтингтік жарыстар қатарына кіреді.

SportPress.kz Қазақстан спорт жаңалықтары