• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    Қазақстан теннис федерациясы

    Елена Рыбакина елге келе жатыр

    Теннистен әлемнің бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Астана мен Алматы қалаларына барып, жас спортшыларға шеберлік сабақтарын береді.

    Рыбакина елде бір апта болады. Осы уақытта ол балаларға шеберлік сабақтарын беріп, өз тәжірибесімен бөліседі. Содан кейін  жанкүйерлермен кездеседі. Сонымен қатар, спортшы Цинциннатиде өткен WTA 1000 санатындағы турнирде алған Ахилл сіңірінің жарақатына байланысты медициналық тексеруден өтеді. Дәл осы жарақаттың салдарынан теннисші аталған турнирдің ширек финалына қатысудан бас тартуға мәжбүр болған еді. Аяғындағы жарақат US Open-2026 турнирі кезінде де теннисшіні мазалады. Алайда спортшы жарақатына қарамастан, турнирде ауырсынуды басатын дәрілердің көмегімен ойнап, чемпиондық титулды жеңіп алды.

    Бұған дейін Рыбакина Wimbledon-2022 турнирі мен Australian Open-2026 ашық чемпионатын жеңіп алған. АҚШ ашық чемпионатындағы жеңісі арқылы ол Қазақстан қоржынына жекелей сында үшінші «Үлкен дулыға» жүлдесін әкеліп, еліміздің атын әлемдік теннис тарихына жазды.

    Жаттықтырушылар штабының мәліметіне қарағанда, Рыбакинаның емделуі мен толық қалпына келуіне кемінде екі апта қажет. Осыған байланысты спортшы Қытайда өтетін Билли Джин Кинг кубогінің финалдық кезеңіне қатыса алмайды. Алдағы уақытта теннисшінің басты мақсаты – денсаулығын қалпына келтіріп, толыққанды жаттығу процесіне оралу.

    Рыбакина халықаралық аренада Қазақстанның намысын қорғауды мақтан тұтатынын талай рет атап өткен. Оның жетістіктері отандық теннис үшін ерекше маңызға ие. Ал US Open турниріндегі жеңісі мен әлемдік рейтингтің көш басына шығуы Қазақстан спорты тарихындағы маңызды белеске айналды.

    Бұған дейін Елена Рыбакинаның әлемнің бірінші ракеткасы атанғанын хабарлаған едік. Осы жетістігінің арқасында ол қомақты табыс тапты.

     

    Дастан КЕНЖАЛИН,

    АСТАНА

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *