Қазақстан күрес федерациясының президенті Еркін Оқасов балуандардың әлем чемпионатындағы күресіне көңілі толмайтынын айтып, барша жанкүйерден кешірім сұрады, деп хабарлайды SportPress.kz.
Ол балуандардан бұдан да жақсы көрсеткіш күткенін, алдағы уақытта нәтижені жақсарту федерация жұмысының басты міндеті болатынын атап өтті.
«Балуандардың әлем чемпионатындағы нәтижесіне көңілім толмайды. Біз бұдан жақсы көрсеткіш күткен едік. Ал чемпионатты ұйымдастыру тұрғысынан Астана өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарды. Әлемдік додадағы нәтиже үшін федерацияның атынан барша жанкүйерден кешірім сұраймын.
Біз жұмысымызды енді бастап жатырмыз. Алдағы уақытта спортшыларымыздың нәтижесін жақсарту үшін бар күш-жігерімді жұмсауға дайынмын.
Бұл менің ғана емес, жаттықтырушылар мен балуандардың да ортақ мақсаты. Бізді қолдап, тоғыз күн бойы жанкүйер болған баршаңызға алғыс айтамын!» деді Еркін Қадырғалиұлы.
Сонымен бірге ол чемпионатты ұйымдастыруға атсалысқан азаматтарға алғысын білдірді.
Осыдан кейін Қазақстан күрес федерациясы алдағы уақытта ұлттық құрамалардың дайындығын күшейтуге, жаттықтырушылар мен спортшылардың жұмысын жетілдіруге және халықаралық жарыстардағы нәтижені жақсартуға басымдық беретінін мәлімдеді.
«Федерация ұжымы төраға белгілеген міндеттерді іске асыру үшін бірлесе жұмыс атқаруға дайын. Басты мақсат – балуандардың әлемдік аренадағы бәсекеге қабілеттілігін арттырып, жанкүйер сенімін ақтау», деп хабарлады Қазақстан күрес федерациясының баспасөз қызметі.
Жарыс туралы чемпионаттың жабылу салтанатында Біріккен күрес әлемінің (UWW) президенті Ненад Лалович те өз пікірін білдірді. Ол әлемдік доданың ұйымдастырылуына өте жақсы баға берді. Мәртебелі мейман еліміздің небәрі 4-5 айдың ішінде осындай ауқымды халықаралық жарысты өткізуге дайындалып, барлық ұйымдастырушылық міндетті лайықты деңгейде атқара алғанын ерекше атап өтті.
UWW президенті әлем чемпионатын жақсы ұйымдастырғаны үшін Қазақстан күрес федерациясының төрағасы Еркін Оқасовқа халықаралық ұйымның атынан арнайы естелік сыйлық пен чемпиондарға арнап тігілген RUDIS компаниясының жейдесін табыс етті. Осы арада айта кететін бір нәрсе, мұндай марапат еліміздің күрес тарихында алғаш рет беріліп отыр.
Биылғы әлемдік дода 1 қарашада мәресіне жетті. Осы күні Астанадағы «Барыс Арена» спорт кешенінде әлем чемпионаты салтанатты жағдайда аяқталып, жер-жүзінің 135 елінен келген 900-ден астам балуан өз елдеріне қайтты.
Астанадағы дүрмекті дода тоғыз күнге созылды. Осы уақытта балуандар 30 салмақ дәрежесінде жүлделерді сарапқа салды.
Әлем чемпионатының ауыспалы туы 2027 жылғы доданы ұйымдастыратын АҚШ делегациясының өкілдеріне тапсырылды.
Еске сала кетсек, Грек-рим күресінің шеберлері бастап берген әлем чемпионатын әйелдер күресі мен еркін күрес балуандары түйіндеді. Өкінішке қарай, елорда төріндегі әлемдік додада еліміздің Әнұраны шырқалмады.
Биылғы күрес түрлерінен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы бес медаль жеңіп алды. Оның ішінде бір күміс және төрт қола жүлде бар. Ұлттық құрама жалпыкомандалық есепте 15-орынға ие болды.
SportPress.kz Қазақстан спорт жаңалықтары