• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Намысты ұрпақ өсіп келеді

    Алтын күз есік қағып келгелі бері елімізде спорттың көптеген түрлерінен әлем деңгейдегі байрақты жарыстар өте бастады. Соның ішінде ерекше екшеп айтатын жаңалықтың бірі ол  – қыркүйек айында ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласында тұңғыш рет күрес түрлерінен өткен әлем чемпионаты. Қазақстанда алғаш рет үздік балуандардың басын қосқан белдесулер жанкүйерлерге тамаша әсер қалдырды. Сонымен бірге өзекті өртеген өкініштер мен күйініштер  де болды. Жалпы алғанда жаман жетістік емес. Әрине, оның бәрі жақсы ғой, десек те туған жерімізде тұңғыш рет күрес түрлерінен өткен  әлем додасында алтын жүлдеден құр қол қалғанымыз көңілге кірбің әкелетін секілді. Дегенмен де балуандарымыз барын салып күміс пен қола медальдарды қоржынымызға салуын салып-ақ берді. Бірақ алтынның орны бөлек екенін білгенімізбен амал нешік, барға қанағат еттік. Енді келесі әлем чемпионты 2021 жылы Норвегияның Осло қаласында жалауын көтеретін болады.

    Елордадағы ересектер арасында әлем жарысы аяқтала салып,  Алматыда дзюдодан кадеттер арасында әлем чемпионаты басталған болатын. Сол ғаламдық деңгейдегі аламанда қазақ балуандары тамаша өнер көрсетіп, еліміздің әнұранын ойнатып, еңсемізді бір көтеріп тастады. Ағалары ала алмаған асуды артынан ерген інілері бағындырып, ағалары ұстамаған алтын жүлдені інілері жеңіп әперіп, қазақ елін бір қуантты. Сонымен, әлемнің 61 мемлекетінен келген 500 спортшы бір жеті бойы жеңіс үшін жан алысып, жан беріскен жекпе-жектерін өткізді. Қазақстан құрамасының балуандары 1 алтын, 1 күміс және 4 қола медальдарды жеңіп алып, жалпы командалық 4 орынды иеленді. Бұл Қазақстан үшін үлкен тарихи жетістік деп баға беруге болады. Еске алсақ, 2017 жылы қазақ балуандары бір-ақ қола жүлдемен шектелсе, Алматыдағы әлем чемпионаты еліміз үшін өте табысты болды деп  толықтай қуана айта аламыз. Жарыстың алғашқы күнінде 50 кг салмақта күрескен Нұрқанат Серікбаев  айды аспанға шығарып, алтын медальді атойлатып жеңіп әперген еді. Болашағынан зор үміт күттіретін апайтөс балуанымыз финалда Еуропа чемпионы Роман Вальдиоер Пикароны алып ұрып жеңіске жетті. Қыздар арасында 70 кг салмақта финалға шыққан жерлесіміз Мадина Парагульгова бразилиялық балуанға есе жіберіп, күміс медальді қанағат етті. Сондай-ақ, 40 кг салмақта Әлима Жұмағалиева, 60 кг салмақта Әділ Мәрлен,  Тілеген Тынарбай (66 кг), Айдар Араповтар (81 кг)  қола жүлделерді жеңіп  әперді.

    Әсіресе, Алматыдағы К.Ахметов атындағы Олимпиада резервінің  республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің балуандары ерледі. Қазақтың бойында қайнаған намысы бар жас жігіттер Балуан Шолақ спорт сарайына келген өз жанкүйрелерін жерге қаратпады. Жас балуандарымыз  қарсыластырына қазақтың қанына сіңген қайсар мінезін көрсетті. Айталық, 60 және 66 кг салмақтарда күрескен айтулы мектеп-интернат-колледждің  1 курс студенттері Әділ Марлен мен  Тынарбай Тілегендер әлем чемпионатының қола жүлделерін иеленіп, халықты қуанышқа бөледі. Бір ғана мектеп-интернат-колледждің жасөспірім балуандарының осындай  табысқа жетуіне әрине, білікті бапкерлер мен білгір басшылықтың жүйелі жұмыстарының жемісі деп білеміз. Бұл мектепте дзюдодадан үлкен спорт сарайы бар екенін талай рет айтылып, жазылғаны болатын.   Жасөспірімдерге зор көңіл бөлген жерде ғана нәтиже болары ол заңды. Айтулы мектеп-интернат-колледжінің директоры Сейілхан Бақтығалиұлы Қарақов мырзаның белсенді жұмысының нәтижесінде бой көтерген зәулім дзюдо академиясында білікті маман бапкерлер тоғысқан. Бұл дзюдо кешенінде жаттығатын жасөспірім балуандар шеберліктерін  шыңдай отырып, тамаша нәтижелерге қол жеткізуде. Қамқорлықтың арқасында жас өрендердің алға қойған мақсаттары күн санап орындалып келеді. «Бір кісі қазған құдықтан мың кісі су ішеді», – дейді бабаларымыз Сейілхан Бақтығалиұлының тікелей ұйтқы болуымен ашылған бұл күрес академиясы елімізде ғана емес ТМД кеңістігінде теңдесі жоқ зор ғимараттың бірі болып отыр.

    Бүгінде айтулы дзюдо академиясының іші жалынды күрес құмар жасөспірімдерден бір босамайтынын көзім көрді. «Ас – адамның арқауы», дейміз. Бұл мектепте жасөспірмдерге уақтылы 3 мезгіл ас-тағам беріледі. Маман аспаздың қолынан әзірленіп дастарханға қойылған калориясы жоғары әрі  дәмді ас-дәмдер мен түрлі жеміс-жидектер оқушылардың спорттағы күш-қуатын арттыруына зор әсерін беретін көрінеді. Мерекелік күндері оқушыларға ұлттық  ас-тағамдар тарту етіліп отырады екен. Өйткені, мектеп  басшылығы балалардың  бұл жерде өз үйіндегідей сезінуді мақсат етіпті. Ал, 200 астам балаға деп тұрғызылған жатаханада бүгінгі күнгі заман ағымына сай қажеттің бәрі баршылық десе болғандай. Мұның бәрін тізіп айтып отырған себебім, қамқорлық бар жерде табыс та болары хақ.

    Күтімі жақсы алма ағаш жемісін молынан беретін сияқты жағдайлары толықтай күтіммен қолдауға көзделген айтулы мектептің жасөспірімдері сенімді ақтап, осылайша әлем сайыстарында жүлде салып, Қазақстанның мәртебесін көтеруде. «Көліне қарай қазы, жеріне қарай сазы», – дейді бабаларымыз. Жас таланттарды томағасын сыпырып, ұлы дүбірге қосып жатқан берекелі бұл мектептің болашағынан зор үміт күтуге болатынына көзімізді жеткізіп келеді. Оған дәлел нақты бір мысал, жоғарыда айтып өткен Алматыдағы Балуан Шолақ спорт сарайында дзюдо күресінен кадеттер арасында  өткен әлем чемпионаты деп айтамыз. Сонымен бірге жуырда ғана Үндістанның Банглор қаласында жүзуден жасөспірімдер арасында өткен Азия біріншілігінде айтулы спорт мектебінің 8 сынып оқушысы Тілеубек  Дияс брасс бағдарламасы бойынша 200 м  жүзу жарысында жүлделі қола медальді жеңіп алған екен. Қаракөз қазақ балаларының су спортынан да алға суырылып шыға бастағанына қалай ғана қуанбассың. Сондай-ақ, Тараз қаласында қыркүйектің 8-10 аралығында дзюдо күресінен ұл-қыздар  арасында КСРО спорт шебері Бақытжан Ташметовты еске алуға арналған халықаралық жарыста К.Ахметов мектебінің оқушылары Аружан Ережепова, Талғат Даяна, Такиева Карина алтын жүлделерді жеңіп алса, Закир Ұлан қола жүлдеге ие болыпты. Бұл жеңіс те бір мектеп қана емес ел абыройын асқақатата түсу деп ұғамыз.

    Ал, ең басты қуана жария ететін жаңалық, ел спортының тарихында тұңғыш рет айтулы спорт мектебінің үйлесімді жүзу бөлімшесінің оқушылары 13-15 жас аралығында өткен әлем чемпионатына қатысып  чемпион атанып отыр екен. Нақтырақ айтсақ, Словакияның Саморин қаласында 28 тамыз бен 2 қыркүйек аралығында алғаш рет үйлесімді жүзуден  әлем чемпионаты өткен еді. Сол байрықты жарыста еліміздің намысын қорғаған Эдуард Ким, Жаклин Якимова мен Валерия Столбунова аралас дуэт бағдарламасы бойынша топжарып алтын жүлделерді жеңіп алды.

    Жаhандық жарыста көк туымызды көкке көтертіп, еліміздің ән ұранын ойнатуға мәжбүр еткен қос саңлағымыз К.Ахметов атындағы Олимпиадалық резервтегі республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледждің оқушылары. Міне, нағыз ерлік  деп айтсақ дұрыс шығар. Барлық атақ-абырой, қошамет-құрмет, төккен тер талмай еткен еңбектің арқасында келеді.  «Сулы жер құрақсыз болмас – таулы жер бұлақсыз болмас», демекші, қолдау, қамқорлық жасалып жатқан жерде, міндетті түрде ел намысын абыроймен қорғайтын батыр ұл-қыздар шығып отыруы заңдылық. Бұл мектептен әлі де талай халықаралық, әлемдік, олимпиадалық жарыстарда еліміздің мерейін асқақтатын қарымды да алымды спортшылар өсіп шығатыныны нық сенімдеміз.

     

    Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,

    АЛМАТЫ

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *