Румынияның Констанца қаласында армрестлингтен әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Бұл туралы Спорт және дене шынықтыру істері комитеті «Спортты дамыту дирекциясы» РМҚК баспасөз қызметі хабарлады.
Қорытынды кезең ересектер, ардагерлер, есту қабілеті зақымданған адамдар мен мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында өтті.
Жарыстың алғашқы күні жастар мен жасөспірімдер арасында ел құрамасы 32 алтын, 22 күміс, 19 қола жүлде иеленді. Бұл сында жалпы командалық есепте Қазақстан Ресей мен Грузияны артқа тастап бірінші орынға шықты.
Ардагерлер мен мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасындағы бәсекеде де отандастарымыз қарсыластарына дес бермеді. Мүмкіндігі шектеулі спортшылар 8 алтын, 7 күміс, 11 қола жүлдені жеңіп алды. Ал, ардагерлер 3 алтын, 2 күміс, 2 қола медальді иеленді.
Жарыстың шешуші кезеңі ересектер арасында өтті. Спортшыларымыз ел қоржынына 8 алтын, 9 күміс, 11 қола медаль салып, ерлер құрамасы бірінші орыннан көрінді.
54 мемлекеттен 1400 спортшы қатысқан бәсекеде ел намысын 146 спортшы қорғады.
Әлем чемпионатының жалпы қорытындысы бойынша ел құрамасы 51 алтын, 40 күміс, 43 қола жүлдемен екінші орынға табан тіреді. Бірінші орынды Ресей Федерациясы, үшінші орынды Грузия спортшылары иеленді.