• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Жетісуда журналистер жарысының жалауы желбіреді

    Талдықорғанда шағын футболдан тұңғыш рет бұқаралық ақпарат құралдары арасында өткен «BAQ JETISU LEAGUE» біріншілігі өз мәресіне жетті. Оған 6 команда қатысты.

    Үш пента-трик

    Қай салада да түрен салатын қаламы жүйрік журналистер екі ай бойы өңіріміздегі №25 орта мектеп пен политехникалық колледждің спорт залына жиналып, ала допты ұршықша иірді. Жарыс он турға созылды. Яғни, алты команда бір-бірімен екі кездесу өткізді. Публицистика шеберлері турнирге тыңғылықты дайындықпен келгені бірден көрінді.

    Алғашқы айналымнан-ақ алма-кезек шабуылға шыққан командалар әдемі ойын өрнегін көрсетіп, қарша боратқан соққыларымен танылды. Әйтсе де: «Көп ойнамағанның кесірінен шаршап қалып жатырмыз, енді тұрақты дайындықты қолға алу керек», – деп жатқандар да болды. Сөйтіп, алғашқы турда «Qalamger» «Sport Media» командасынан 4:7 есебімен жеңілсе, «VІР Press» «Baq United» командасынан 12:6 есебімен басым түсті. Ал «Taldy Paris» «7su News» командасын 8:1 есебімен ұтты. Бірінші турдың ерекшелігі 3 ойында үш пента-трик көрдік. Атап айтсақ, Арсен Бесетаев («Sport Media»), Алмас Мырзахметов («Vip Press»), Азамат Шедімбай қарсыластар қақпасына төрт доп салып, мергендігімен танылды.

    Ойын уақыт өткен сайын қыза түсті. Тіпті, әр команда жеңістің желкенін көтеру үшін жеке дайындық жасауға көшті. Кіл жүріктен кім жүйрік екенін анықтау қиынға соқты. Бірақ алты кезең бойы «Sport Media» командасын өкшелеп келе жатқан «Vip Press» пен «Taldy Paris» соңғы ойындарда білгендерінен жаңылды.

    Бірі «7su News» командасына жол берсе, екіншісі чемпиондардан айласын асыра алмады. Сөйтіп, турнирдің сегізінші турында «Sport Media» мерзімінен бұрын жеңімпаз атанды. Айта кетейік, «7su News» командасы — үздік үш команданы да тізе бүктірген жалғыз команда. Ал «Qalamger» ойынның бірінші бөлігінде ұтылмады. «Baq United» соңғы турларда тамаша ойын үлгісін көрсетті.

     Қолда тұрған күміс жүлде

    БАҚ лиганың соңғы туры. Чемпион анық. Күміс жүлде бір қарағанда «Taldy Paris» командасында. Олар «Vip Press» командасынан соққан голы да көп, ұпаймен де алда. Күміс медальді жеңіп алу үшін тең ойын да жеткілікті. Ал «Vip Press» күміс жүлдегер атану үшін чемпиондарды ірі есеппен ұтып қана қоймай, екінші орында тұрған қарсыластары да көп доп жіберіп, жеңілуі керек еді.

    БАҚ лигадағы ойыншылардың доп ойнауға ысылғанынан болар, соңғы турда сенсация орын алды. «Taldy Paris» «Baq United» командасынан 10:1 есебімен тас-талқан болып жеңілді. «Vip Press» «Sport Media» командасын 9:4 есебімен ұтып, күміспен күптелді. Ал «7su News» (13 ұпай), «Baq Unaited»  (10 ұпай), «Qalamger» (6 ұпай) командалары келесі орындарға жайғасты.

    Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсімі Журналистер үйінде өтті. Шараға облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев, «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Жұматай Оспанұлы, «Жетісу» телеарнасы директорының орынбасарлары Серік Әбікен мен Досан Атантелов келіп, Мақтау қағазы, медаль мен кубоктарды табыстады.

    Ерекше ойынымен көзге түскен аяқдопшылар марапаттан тыс қалмады. Атап айтсақ, Думан Алтынбекұлы «Үздік қорғаушы», Айдос Қалиев «Үздік қақпашы», Медет Жұмабай «Үздік ойыншы» және 36 голдың авторы атанған Алмас Мырзахметов «Үздік сұрмерген» болып алға шықты. Сонымен қатар, бірқатар ойыншыға «Үздік гол», «Ардагер ойыншы», «Үздік жас ойыншы», «Шабуылды үздік үйлестіруші», «Үздік қорғаушы», «Үздік жартылай қорғаушы», «Үздік капитан», «Үздік шабуылшы» сынды номинациялар табыс етілді.

     

    Айдар ҚАЛИЕВ

    Алматы облысы

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *