Семейде даңқты қолбасшы, дарабоз батыр Қаракерей Қабанбайға арналған «Қабанбай батыр мемориалы самбо күресінен Қазақстан Республикасының Кубогы» өз мәресіне жетті. Бұл туралы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Семей спорт академиясы.
Жақсылық Үшкемпіров атындағы Семей спорт академиясы және Шығыс Қазақстан облыстық спорттық және жауынгерлік самбо федерациясының ұйымдастыруымен өткен жарыс биыл 20-шы мәрте жалауын көтерді. Ұлан – ғайыр атыраптан ұлылар еліне жиналған самбо шеберлері Семейдің төріне төселген бозкілемнің көрігін қыздырады. Ерлер, әйелдер және жауынгерлік самбодан сынға түскендер 9 салмақта бақ сынады. Айта кетейік, биыл аталған жарысқа 13 командадан 300-ден астам балуан жиналды. Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары,
Алматы, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарынан келген кіл мықтылар өзара кім мықтыны анықтады.
Жарыстың ашылу салтанатында Семей қаласы әкімінің орынбасары Қанат Әділбаев, Қазақстанға еңбегі сіңген қоғам қайраткері Құсман Шалабаев құттықтау сөз сөйледі.
«Қабанбай батыр мемориалы самбо күресінен Қазақстан Республикасы Кубогының» өтуіне демеушілік жасап және ұйымдастырудың үнемі басы-қасында жүргендерге Қазақстандық спорттық және жауынгерлік самбо федерациясының және Шығыс Қазақстан облыстық спорттық және жауынгерлік самбо федерациясының марапаттары табысталды.
«Бұл жарыс жыл сайын жоғары деңгейде өтеді және жылдың қорытынды деп есептеуге болады. Барлық команда өздерінің мықты балуандарын әкелді. Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Алматы, Ақтөбе облыстарының балуандарының дайындықтары жоғары болды. Қызылорда, Түркістан облыстарының қыздары да жақсы нәтиже көрсетті», – дейді жарыстың бас төрешісі Сейсенбай Жанасылов.
Алғашқы екі күнде Қабанбай батыр мемориалы үшін жеке салмақтарда күрескендер өзара жеңімпаздарды анықтады. Үшінші күні самбо күресінен Қазақстан Республикасының Кубогы сарапқа салынды. Командалық сайыста ерлер арасында Шығыс Қазақстан облысы бірінші, Ақтөбе облысы екінші, Алматы қаласы үшінші орыннан көрінсе, әйелдер арасында Түркістан облысы бірінші, Қызылорда облысы екінші, Шығыс Қазақстан облысы үшінші орынға тұрақтады. Жауынгерлік самбода Қостанай облысы қарсылас шақ келтірмей тұғырдың биік сатысынан көрінсе, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облысы екінші және үшінші орынды бөлісті. Жалпы командалық есепте Шығыс Қазақстан облысы бірінші, Түркістан облысы екінші және Ақтөбе облысы үшінші орын алды.
Жеке салмақта әйелдер арасында Жадыра Пайыз, Айжан Жылқыбаева, Маржан Бизақ, Бота Оңғарсын, Аружан Сәтова, Гүлдарайым Алмағанбет, Аружан Байзақ, Мереке Құдайбергенова, Меруерт Әбубәкір топ жарды. Ерлер арасында Арман Тұрумбетов, Қылыш Еренғайыпов, Рахат Жананиет, Аян Құрманбек, Арман Тайбағаров, Руслан Жарқынбаев, Ғабит Дәулетбаев, Батырхан Жүнісов, Әділ Оразбаев оза шапты. Жауынгерлік самбодан сынға түскендер ішінде Әнуар Кәрібаев, Айбек Жанболатұлы, Бақытжан Ғұмыр, Аманжол Хайса, Нұрбол Құлбеков, Ахмат Бобоев, Умар Янковский, Әлібек Темірбаев, Талғат Жиентаевтардың бабы келісіп, бағы жанды.