18 желтоқсан күні аса ауыр салмақтағы боксшы Қамшыбек Конқабаев «INDEPENDENCE DAY» спорт кешінде украиналық Сергей Радченкомен шаршы алаңға шығады. Қазір боксшылар жекпе-жекке дайындалып жатыр. Жақында біз шойын жұдырықты былғары қолғап шеберімізбен кездесіп, алдағы айқасқа дайындығы туралы аз-кем әңгімелескен едік.
–Қамшыбек, 18 желтоқсанда кәсіпқой бокстағы екінші жекпе-жегіңді өткізесің ғой. Дайындық қалай болып жатыр?
–Жуырда Қазақстан чемпионатының болғанын білесіздер. Осы жарысқа қатысқан жігіттер сыннан сүрінбей өтіп, жанкүйерлер мен мамандардың үмітін ақтап шықты. Мен кәсіпқой рингтегі алғашқы жекпе-жегімді тамыз айында өткізген болатынмын. Енді міне, екінші рет шаршы алаңға шығамын. Бұл жекпе-жек сегіз раунд болады. Мен шынын айтайын, осы кезге дейін осыншама раунд бойы жұдырықтасқан жоқпын. Сондықтан оған ерекше әдіс-тәсілмен дайындалып жатырмын.
Қазір дайындыққа көп күш кетіп жатыр. 18 желтоқсан күнгі жекпе-жек мен үшін өте маңызды. Сол үшін мені айқасқа дайындап жатқан Қанат Алтаев пен Сейітжан Төкенов жаттықтырушыларыма алғысымды айтқым келеді. Қазақстан чемпионатында маған олардың ақыл-кеңестері көп көмектесті. Жалпы, ұлттық құраманың тәлімгерлері күндіз-түні жұмыс істеп, жігіттердің жеңістеріне көп септігін тигізіп жатыр. Сол үшін де оларға зор алғысымды білдіремін.
–Алда Олимипиада жылы келе жатыр. Токио Олимпиадасы туралы туралы не ойлайсың?
–Қазір тек 18 желтоқсанда өтетін жекпе-жек туралы ойлап отырмын. Қазақстан чемпионатынан кейін біз ұлттық құраманың жаттықтырушыларымен Олимпиада ойындарына дайындық жоспарын талқыладық. Мен Токио Олимпиадасы мен кәсіпқой бокстағы жекпе-жектерге дайындаламын. Екеуін қатар алып жүремін. Әрине, оның бәрі оңай шаруа емес. Менің жарысқа дайындайтын өз командам бар. Солар бәрін мұқият қарап, жекпе-жектердің уақытын ұтымды пайдаланады. Олимпиада жақындағанда біз оқу-жаттығу жиындарын өткіземіз. Алдағы кезде бос уақыт болмайды. Қазір мен денсаулығымды сақтап, Олимпиада алдында жарақат алып қалмауды ойлап отырмын. Кәсіпқой бокста да менеджерлер мен жанкүйерлердің үмітін ақтауым керек. Біз босаңсымаймыз. Алда бізді көп жұмыс күтіп тұр. Қазір біздің мақсатымыз – Украинаның боксшысы Радченконы жеңу. Содан кейін үзіліс жасап, алдағы жоспарларға жүйелі түрде кірісеміз.
–Дұрыс екен. Сенен үміт күтіп, сенім артып отырған жанкүйерлерге қандай тілегің бар?
–Барлық отандастарыма, бокс десе ішкен асын жерге қоятын, біздің ұлттық құрама команданың жігіттеріне сенім артып, жеңістерімізге үміттеніп жүрген жанкүйерлерге мықты денсаулық пен бас амандығын тілеймін! Еліміз өркендеп, жаңа биіктерге жете берсін!
Өтіп бара жатқан жылдағы қиындықтар 2020 жылмен тарих қойнауында қалсын деймін. Келе жатқан жаңа жылда әрбір отандасымыздың отбасында тек бақ-береке, дастархандарында мереке болсын!
–Рахмет! Айтқаның келсін! Шаршы алаңға ел үмітін арқалап шығатын барлық қазақтың жігіттеріне тек жеңіс тілейміз!
Әңгімелескен Рүстем ЖҰМАНҰЛЫ
Я уже знал немало похожих web-сайтов. Но сейчас осмыслил исключительную существенную вещь — сей наилучший!