Astana Pro Team велошабандозы Якоб Фульсанг «Алматы туры — 2017» екінші кезеңінің жеңімпазы, ал оның әріптесі Алексей Луценко – велододаның төрт дүркін чемпионы атанды.
Екінші кезеңде даниялық Якоб Фульсанг жарыс жолын 3 сағат 58 минут 01 секундта жүріп өтіп, мәреге бірінші болып жетті. Екінші болып қазақстандық Алексей Луценко 12 секундқа кешігіп келді. Ал үштікті швейцариялық шабандоз Крис Стусси түйіндеді.
Осылайша, кәсіпқой халықаралық веложарыстың қорытындысы бойынша Алексей Луценко «Алматы туры – 2017» додасының жеңімпазы атанды. Оның жалпы уақыты 07:47:43. Жарыстың күміс жүлдесін Алексейден 55 секундқа қалып қойған Реми Ди Григори иеленді. Ал қола медальді веложарыстың екінші кезеңінің жеңімпазы Якоб Фульсанг қанағат тұтты – 01:04.
– Бүгінгі бәйге қиын болды. Біздің ұжым екі күн бойы керемет өнер көрсетті. Осы жолы Якоб басымдық танытады деп келіскен болатынбыз. Өйткені, ол таулы аймақтардың шебері. Бұл менің осы маусымдағы соңғы жарысым. Енді Петропавловск қаласына кетемін. Біраз демаламын. Келесі маусымға күш жинаймын, – деді Алексей Луценко.
Сонымен қатар, Луценко «Спринтерлік классификация жеңімпазы», «Жалпы классификация жеңімпазы» және «Үздік қазақстандық велошабандоз» номинацияларын жеңіп алды. Ал «таулы жердегі кәсіпқой классификациясының жеңімпазы» атағына Таунсенд Рори ие болды.
– «Алматы туры – 2017» веложарысында жеңіске жеткеніме қатты қуанып отырмын. Бұл жарыс Қазақстанда болған соң, командамыз үшін маңызы зор. Сондай-ақ, «Алматы турында» таулы кезеңінің болғаны жақсы болды. Себебі, Алматының табиғаты өте сұлу. Ал өзге велододалар туралы кейінірек ойлана жатармын. Қазір жарыстарда өзіме сеніп жүрмін. Ең бастысы сол, – деді Якоб Фульсанг.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсіміне қала әкімі Бауыржан Байбек қатысып, велодаданы қорытындылады:
– Біз «Алматы тур» халықаралық веложарысын осымен бесінші рет өткіздік. Осы жылы кәсіпқой велодода жаңа деңгейге өсті. Халыаралық Велосипедшілер Одағының (UCI) келісімімен көпкүндік тасжолдағы веложарыс атағына ие болды. Еуропа және Азия құрлығының 17 елінен 20 команданың қаламызда өнер көрсетуі біз үшін үлкен мәртебе. Біз велоспорттың дамуына аса көңіл бөлеміз. Astana Pro Team командасын жеңісімен шын жүректен құттықтаймын. Мың бояулы Алматы қаласы – әлемдік деңгейдегі алқалы жиындар мен спорттық шаралар өтетін өңірлік Орталыққа айналды. Осынау спорттық іс-шаралар қалалық инфроқұрылымның қарқынды дамуына, тұрғындар арасында велоспортты насихаттауда, өзіндік ықпалын тигізері cөзсіз, – деп атап өтті қала әкімі Бауыржан Байбек.
Веложарыстың екінші кезеңі «Халық Арена» ғимаратында басталып, «ШАЖ-Әл-Фараби» маршрутымен Тұңғыш Президенттің саябағынан «Медеу» тау шаңғысы курортына дейін жалғасты.
Айта кетейік, бірінші кезеңде Алексей Луценко жарыс жолын 3 сағат 49 минут және 52 секундта жүріп өтті. Ал екінші болып мәреге француз велошабандозы Реми Ди Григори жетсе, ирандық Мирсамад Пурседиголаxар қола жүлдені қанағат тұтты.