• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Азия чемпионаты: екі боксшымыз жеңіп, біреуі жеңілді

    Бокстан ересектер арасында Иорданияның астанасы Амман қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатының екінші күні шаршы алаңға үш боксшымыз көтеріліп, екеуі келесі кезеңге жолдама алса, біреуі жеңілді.

    Қазақстан ұлттық құрамасынан жарысты алғашқы болып 57 келі салмақта  Серік Теміржанов бастады. Ол Түркіменстан елінің өкілі Ихлас Гылычжановтан айласын асырып, келесі айналымға шықты.  Енді ол ширек финалда былтырғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері иорданиялық Юсеф Иашашпен күш сынасады. Жекпе-жек 6 қарашада болады.

    Сəтін салып алғашқы кездесуде жеңдім. Қарсыласым осал емес. Техникасы жақсы, соққылары мығым. Бапкерлердің айтқанын екі етпей, жеңіске жеттім. Елге алтын медальмен оралуға барымды саламын, — деді Серік Теміржанов жекпе-жектен кейін.

    63,5 келідегі Санатәлі Төлтаев өзбектің атақты боксшысы Руслан Абдуллаевтан ұтылып қалды. Осы жерде Санатәлінің өзбекке лайықты қарсылас болғанын ерекше айта кеткен жөн. Нағыз финалда кездесетін қарсыластар еді. Амал қанша жеребе солай түсті. Өзбекстан құрамасы сапындағы қандасымыз жарысты жалғастырады. Осы тұста Азия чемпионатына Өзбекстан құрамасында тағы бір этникалық қазақ – Мадияр Саидрахимовтың қатысатынын атап өткен жөн.

    Үшінші болып шаршы алаңға шыққан әлем чемпионы Сәкен Бибосынов үндістандық Кумар Спаршты айқын басымдылықпен ұтты. Сөйтіп, ол кешкі сессияда жанкүйерлерді қуантты. Десе де қарсыласы Кумар Спарш алғашқы раунда алға шыққан. Бірақ Сəкен қалған 2 раундта бар шеберлігін паш етті. Есеп — 4:1.

    Бапкерімнің бар айтқанын істей алмай, жиі қателестім. Былтырғы құрлық чемпионатында қола медаль алғанымды өздеріңіз білесіздер. Қазіргі мақсатым — жеңімпаз атану. Дегеніме жетіп, қазақ жанкүйерлерін қуантқым келеді, — деді Сəкен Бибосынов.

    Чемпионаттың екінші күні тағы бір қазақ боксшысы шаршы алаңға шықты. Қазір Бахрейн намысын қорғайтын Азат Махметов əлем чемпионы, жапон Томое Цубоимен кездесіп, оның осал тұсын таба алмады.

    Бүгін, 3 қарашада ұлттық құраманың тек бір өкілі – екі дүркін əлем чемпионы Назым Қызайбай қолғап түйістіреді. Ал барлық чемпион 13 қарашада белгілі болады.

     

    Дастан КЕНЖАЛИН,

    АСТАНА

    Фото: Аян ТӨЛЕГЕН,

    АММАН

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *