Катарда футболдан өтіп жатқан әлем чемпионатында Франция құрамасы Тунис командасынан жеңілсе де D тобында бірінші орынмен келесі айналымға шықты.
Бұл кездесуге дейін Франция Австралияны 4:1, Данияны 2:1 есебімен ұтып, плей-офф кезеңіне жолдаманы алдын ала алған еді. Ал Туниске 1/8 финалға шығу үшін Францияны жеңіп қана қоймай, Австралия мен Дания арасындағы матч тең есеппен аяқталуы керек болатын. Сонымен бірге Дания Австралияны ұтса да екінші жолдама иесі қосымша көрсеткіштер бойынша анықталатын еді. Алайда Тунис Франциямен кездесуде қарсыластарын 1:0 есебімен жеңгенімен жолы болмай қалды. Екінші матчта Австралия Данияны дәл осындай есеппен жеңіп, жолдаманы қалталарына басты.
Сөйтіп, Тунис өз тарихында алғаш рет Францияны ұтқанымен, плей-офф кезеңіне шыға алмады. Данияны жеңген Австралия мақсатына жетті. Ал Франция Тунистен ұтылғанына қарамастан, өз тобында бірінші орынға ие болды. Енді әлем чемпиондары 1/8 финалда С тобында екінші орын алған командамен кездеседі.
Жалпы, әлем чемпионатында бір ойынның командасы болады. Бір чемпионаттың командасы да болады. Ал Аргентина, Франция сияқты құрамалар төрт жыл сайын әлем чемпионатының командасы болып қала береді.
Польша, Жапония, Оңтүсік Корея, Мексика секілді құрамалар — бір чемпионаттың командалары. Тунис, Сауд Арабиясы мен басқа да Азия мен Африканың құрамаларын бір ойынның командалары деуге болады.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА