• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    «Көңіл-көңілден су ішеді»: Астанада ауыл спортының проблемасы қаралды

    Астана қаласындағы «Qazaqstan» жеңіл атлетика спорт кешенінде Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен «Ауыл алаңынан – Олимпиада тұғырына» атты ауыл спорт нұсқаушыларының І республикалық конференциясы өтті. Маңызды басқосуға салаға жауапты ведомство басшылары, тәжірибелі бапкерлер мен танымал спортшылар, осы саланың білгір әдіскерлері, маман нұсқаушылары, сондай-ақ облыстық спорт басқармаларының басшылары және өңірлердегі денешынықтыру-спорт орталықтарының директорлары қатысты.

    Бұл реткі жиынның мақсаты – ауыл спортының проблемалары мен өзекті мәселелерін талқылап, сонымен қатар озат тәжірибелерді көпшілік назарына ұсыну екен. «Көркейсе ауыл – көркейеміз бәріміз» дегендей, қазақтың кіндігі байланған ауылды асқақтатпай, оның экономикалық әлеуетін көтермей ұлыстың іргесі бекімейді. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 26 қараша күні Астанада өткен ұлықтау рәсімінде Қазақстан халқының 40 пайызға жуығы ауылда тұратынын мәлімдеп, Үкіметке ауылды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын қабылдауды тапсырған болатын.

    Мәртебелі жиынды ашып, кезекті басқосудың мақсатын көпшілікке таныстырған Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев сөзін Президент бастамасымен ұштастыра отырып: «Мемлекет басшысы кезекті Қазақстан халқына Жол­дауында: «Ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесі де өте өзекті. Барлық жас санаты арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық спортты дамыту – пирамидаға айналуы қажет. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз» деген еді. Президенттің осы тапсырмасын орындау мақсатында министрлік «Денешынықтыру мен бұқаралық спортты дамыту жөнінде 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар» әзірлеп, ол Үкімет қаулысымен бекітілді. Дәл қазір республикамыздың барлық өңірінде жоғарыдағы жоспарға сәйкес жұмыстар атқарылып жатыр. Бүгінгі жиын осы бастамаларды әрі қарай жетілдіру үшін ауылдық жерлердегі спорт нұсқаушыларының республика­лық алғашқы конференциясын ұйымдастырып отыр. Қазіргі таңда көпке танымал кәсіби спортшылар түгелдей дерлік ауылдан шыққан. Осы үрдіс болашақта үзілмей, жалғасын табатынына сенеміз. Қазіргі таңда республикамыздың ауылды жерлерінде 4114 жаттықтырушы жұмыс істейді. Бұл мамандардың қол астында 300 мыңнан астам адам жаттығады. Бұған қоса ауылдарда 3065 спорт нұсқаушысы бар. Бұлардың әрқайсысы орта есеппен 40 адамнан спортқа тартқанның өзінде 100 мыңнан аса ауыл тұрғыны денешы­нықтырумен шұғылдануына мүмкіндік бар. Бұдан былай ауыл спортына қатысты мәселеге атүсті қарауға негіз жоқ. Ауыл спорты мемлекетіміз үшін әрқашан маңызды», деді Дәурен Әскербекұлы.

    Министр айтқандай, қазақтың атын әлемдік деңгейге көтерген спортшылардың дені ауыл балалары екен. Атап айтқанда, Әлжан Жармұхамедов, Ғұсман Қосанов, Әмин Тұяқов, Әбілсейіт Айханов, Әбдісалан Нұр­маханов, Жақсылық Үшкемпіров, Дәулет Тұрлыханов, Ермахан Ибрайымов, Болат Жұмаділов, Бақтияр Артаев, Елдос Сметов, тағысын тағылар. Енді мына дерекке назар аударсаңыз, 1992-2022 жылдары Қазақ елінің 46 спортшысы Олимпиада және әлем чемпионы атанса, осылардың 24-і қарапайым ауыл тумалары болса, 13-і қалалық ұландар, ал қалған 9-ы сырттан келген легионерлер екен (1-кесте). Осы бір деректің өзінен-ақ ауыл баласының әлеуетін аңғаруға болады.

    Осы орайда конференцияның негізгі баяндамасын жасаған Мәдениет және спорт министрлігі Денешынықтыру және спорт бойынша республикалық оқу-әдіс­темелік және талдау орталығының директоры Қыдырбек Рысбекұлының пайымына жүгінсек: «Ауыл баласының тәрбиесі басқа, салты бөлек, ішкен тамағы таза, табиғи, құнарлы. Еліміз спортының сенімді тірегі ауыл екеніне нақты дәлел: Астана ел ордасы болғанына 25 жыл толды. Қазір халқы миллионнан асқан бұл қаладан осы уақытқа дейін бір төл баласы ересектер арасында әлем чемпионы не жүлдегері болған жоқ. Ал сексен мың тұрғыны бар Жаңақорған ауданынан кейінгі 10 жылда ауыр атлетші Алмас Өтешов пен балуан Дәулет Ниязбеков сияқты әлем чемпионатының екі бірдей күміс жүлдегері шықты», деді.

    Атам қазақ «қарғаны баптағанмен қыран болмас» дегендей, бұл жерде ауыл спорты төрт аяғын тең басып, су жорғадай тайпалып тұр деуге келмейді. Алда шешімін табуға тиіс мәселелер де баршылық екен. Денешынықтыру және спорт бойынша республикалық оқу-әдістемелік және талдау орталығының өңірлерге жүргізген сараптамалық-талдау құжаттарына назар аударсақ, ауылдық жерлердегі спорттық мекемелерде 4114 бапкер қызмет атқарса, республика бойынша Балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде 257 749, спорт клубтарында 15 322, жасөспірімдер клубында 40 578 оқушы спорттың сан алуан түрлерімен айналысады екен. Бұған ауыл типтес елді мекендердегі кәсіптік оқу орындарында білім алып, жергілікті спорттық клубтарда денешынықтырумен тұрақты айналатын 32 812 студентті қосып қойыңыз (2-кесте). Сондай-ақ республика бойынша ауыл­дық жерлерде еңбек етіп жүрген 3065 спорт нұсқаушысының 1708-інде жоғары, 629-ында арнаулы орта білім бар. Алаңдатарлық жағдай 700-дей нұсқаушыда маман дипломы жоқ.

    Келесі бір маңызды дүние – нұсқаушыларға еңбекақы төлеу мәселесі. «Жоғарыдағы 3065 спорт нұсқаушысының ­көбінің айлық жалақысы шайлығына зорға жетеді. Көпшілігінің жұмыс істеуге құлқы жоқ. Ауылда жұмыс болмағандықтан амалсыз жүргендер», дейді Дене­шынықтыру және спорт бойынша республикалық оқу-әдістемелік және талдау орталығының директоры Қыдырбек Рысбекұлы.

    Оның сыртында нұсқаушыларға әр өлкенің бюджетіне байланысты төленетін жалақы әрқилы. Мысалы, Қызылорда облысында спорт нұсқаушыларының жұмыстары аудандық спорт бөлімдері арқылы мемлекеттік тапсырыс негізінде жүзеге асады екен. Жыл сайын ақпан айында конкурс ұйымдастырылып, наурыздың соңына қарай жеңімпаз анықталғанға дейін нұсқаушылар айлық ала алмай қиналады. Осының салдарынан кейбір жақсы мамандар басқа жұмыс іздеуге мәжбүр. Нұсқаушылардың айлық еңбекақысы Жаңақорған, Шиелі аудандарында 54-57 мың теңге болса, Сырдария ауданында — 35 мың, Қармақшы ауданында — 30 мың теңге. Атқарылатын іс-шара көп, бірақ жалақы нұсқаушылардың еңбегіне татымайды. Сонымен қатар Жаңақорған, Қармақшы, Жалағаш, Шиелі аудандарындағы әр нұсқаушыға 180 ауыл адамын спортқа тарту жүктелсе, бұл көрсеткіш Арал ауданында 135, Қазалы ауданында 190, Сырдария ауданында 160 адамдық межеге сай жоспарланыпты.

    Сөйте тұра Алматы, Жетісу, Жамбыл, Павлодар облыстарының спорт нұсқашыларының айлық ақылары бапкерлер мен әдіскерлер тәрізді ешқандай конкурссыз тұрақты беріледі. Жалақысы шамамен 70-130 мың теңге. Ал Ақтөбе облысында нұсқаушылардың жалақысы аудандық спорт бөлімдері мен спорт мектептері арқылы төленетін тәртіп бар.

    Жоғарыда республика бойынша ауылдық жерлерде 3065 спорт нұсқаушысы қызмет ететіні туралы айттық. Бұл – өте үлкен әлеуметтік контингент. Әр нұсқаушы орта есеппен 30 адамды спортқа тартқанның өзінде 100 мың адамдың басы құралады екен. «Біз спорт саласындағы маман­дарды ғана айтып отырмыз. Білім саласы арқылы жұмыс істейтін нұсқаушылар да бар. Оларды естен шығар­маған жөн», дейді баяндамашы Қ.Рысбекұлы.

    Осы жерде айта кететін тағы бір өте маңызды дүние: кейбір өңірлерде нұсқаушыларға жылына 10-нан астам спорттық іс-шара ұйымдастыру міндеттелген. Бірақ оны іске асыру үшін қаражат қарас­тырылмаған. Соның салдарынан нұсқаушылар бұл істі мардымсыз жалақысының есебінен атқаруға мәжбүр. Тіпті ауыл, аудан, облысаралық жарыстарға шәкірттер апару үшін не демеуші іздейді, болмаса өз қаражатын жұмсайды. Мұндай жағдай спорттың бұқаралық сипат алуына кедергі келтірері хақ.

    «Осындай қиындықтарға төзіп қызмет атқарып жүрген ауыл нұсқаушыларына қайта алғыс айтуымыз керек. Ең бастысы, нұсқаушылардың жалақысын республика бойынша бір жүйеге келтіру қажет. Бұл жерде ескеретін жағдай, нұсқаушылар спорт мектебінің жаттықтырушылары тәрізді шәкірттерінің жетістігі үшін үстемеақы алмайды. Жергілікті атқарушы орган бекіткен немесе конкурстағы қаражат көлеміне сай бөлінген еңбекақыны қанағат тұтады. Ал олардың жалақысы аз болған сайын жұмыс сапасы да төмен болады», дейді бас баяндамашы.

    Бұл реткі жиыннан аңғарғанымыз, ауыл нұсқаушыларына қатысты проблема баршылық. Біраз нұсқаушылар ауыл әкімдерінің қарамағында болса, біразы жекеменшік шаруашылық басшыларына бағынады. Яғни, әкімшілік басқарылу жағынан да кемшілік бар.

    «Бұл күйге бүгін емес, көптен кірдік. Алды-артын аңдамаған бетпен кірдік», деп ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқанындай, жоғарыда айтылған келеңсіздіктер қалыптасқалы қашан. Тіпті бұған дейін, кеңестік кезеңде де, тәуелсіздік жылдарында да ауыл спорты мен нұсқаушыларының қызметі жайында республикалық деңгейде ешқандай талқылау өтпеген екен. Жиынға қатысушылар мен баяндамашылар тарапынан бұл конференция аса қажет, дер кезінде қолға алынған шара деген пікірлер көп айтылды.

    * * *

    Десе де «Ел іші – өнер кеніші» дегендей, жекелеген ауыл-аймақтарда атқа­рылып жатқан игі істер де баршылық көрінеді. Мұны біз спорт кешенінің кіре­берісінде кең залға қойылған көрмеден аңғардық. Көрме төріне 17 облыс пен кей­бір жекелеген аудандарда атқарылған жұмыстар туралы сараптамалық кестелер жайғасыпты. Осыны көріп, көп дүниені көңілге түйдік.

    Атап айтқанда, Жетісу облысы, Панфилов ауданы, Тұрпан ауылына Жалғас Алтынбеков атты кәсіпкер жеке қаржысына спорт кешенін салып берген екен. Осы ғимаратта қазір күрес түрлері, үстел теннисі, футбол және ұлттық ат ойындары, т.б. бойынша 100-ден астам жас­өспірім жаттығып жатса, Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында орта мектептердің спорт залдарынан басқа 12 денешынықтыру және спорт кешені, 42 жазық алаң халық игілігіне қызмет етіп жатыр екен. Желтоқсан айында тағы да 10 жазық алаң пайдалануға беріліп, 2025 жылға дейін ауданының 26 ауылы жаңа спорт ғимараттарымен қамтамасыз етілетін көрінеді.

    Жоғарыдағы нәтижелі еңбектері үшін «Жаркент – Алғыр» компаниясының директоры Жалғас Аманкелдіұлы мен Жаңақорған аудандық спорт бөлімінің басшысы Махмұд Рахымжанов Мәдениет және спорт министрлігінің «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісімен марапатталды.

    Келесі бір зор жетістік, Түркістан облысы Шардара ауданы қол күрес спортын әлемдік деңгейге көтеріпті. Бұл аудан­нан соңғы 25 жылда 102 спортшы қол күресінен әлем чемпионы атанған. Бұл керемет жетістік. Бір ғана спорт түрінен әлемге әйгілі болған Шардара тәжірибесін неге ел көлемінде насихаттамасқа… Бұл айтылғандар өңірде атқарылып жатқан жақсы істердің шет-жағасы ғана.

    Конференцияны қорытындылаған Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев ауыл нұсқаушылары мен жаттықтырушыларды толғандырып жүрген мәселелерге атүсті қарауға болмайтыны хақында ескертіп, баяндамаларда қозғалған мәселелер назарға алынатынын қадап айтып, министрлік тарапынан ұйымдастырылған «Үздік ауыл нұсқаушысы» конкурсында үздік деп танылған 15 маманға арнайы сыйлық табыс етті. Сонымен қатар ведомствоның Құрмет грамотасымен Түркістан облысы Шардара аудандық спорт клубы директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, спорт нұсқаушысы Мағжан Шәмиев марапатталса, Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Қарауылкелді ауылының Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жүзуден аға жаттықтырушысы, спорт нұсқаушысы Астам Бағандықовқа Алғыс хат берілді.

    Жиын соңында Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және денешы­нық­тыру істері комитеті облыс әкідерімен бірлесе отырып, ауылдық жерлердегі спорт нұсқаушыларының біліктілігін арттырумен қатар, олардың жұмысын жандандыруды; спорт нұсқаушыларының біліктілігіне мән беріп, олардың толық ставкамен жұмыс істеуін қамтамасыз етуді; ауылдық жерлердегі спорт нұсқаушылары жылдық күнтізбелік спорттық жоспарға сәйкес өткізілетін шараға жеткілікті қаражат бөліп, оның жүзеге асуын қатаң бақылауға алуды; ауыл жас­та­рына патриоттық тәлім-тәрбие беру мақсатын да танымал қайраткерлермен, белгілі мамандармен, Олимпиада және әлем чемпиондарымен тұрақты кездесулер өткізуді; ауылдық жерлерде бұқаралық спортты дамыту үшін типтік үлгідегі денешынықтыру-сауықтыру кешендерін салуды; ауыл жастарына жалпы білім беру мекмелеріндегі спорт залдарын сабақтан тыс уақытта пайдалану үшін аудандық денешынықтыру спорт бөлімі мен аудандық білім бөлімі арасында меморандум жасалып, бұқаралық спортпен жүйелі түрде шұғылдану мәселесін жолға қою жайлы қарар қабылданып, осы істерді мүлтіксіз жүзеге асыру жауапты тұлғаларға тапсырылды.

     

    Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

    АСТАНА

    Ескерту: кесте egemen.kz сайтынан алынды

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *