Футболдан Испания құрамасы әлем чемпионатында ширек финалға шыға алмай қалғаннан кейін оның бас жаттықтырушысы алмасты.
Испания футбол федерациясы елдің ұлттық құрамасы бас жаттықтырушысының орынтағына Луис де ла Фуэнте тағайындалғанын мәлімдеді.
Катарда өтіп жатқан әлем чемпионатының бірінші ойынында Коста-Рика командасын 7:0 етіп, ойсырата ұтып, доп додасын табысты бастаған «Қызыл фурия» бұдан кейін біртіндеп божырай берді. Оның плей-офф кезеңіне Марокко құрамасымен ойыны шынында өте нашар болды. Барынша сүреңсіз өткен матчта испандар қарсыластарын ұтып кететіндей ынта да, шеберлік те көрсете алмай, ақырында пенальти сериясында масқара болып ұтылды. Олардың алғашқы үш футболшысы қарсыластар қақпасын дәл көздей алмады. Есесіне, бір рет қана мүлт кеткен марокколықтар үш рет торды бүлк еткізіп, өз мерейлерін үстем етіп шыға келді.
Сөйтіп, Испания құрамасы ширек финалға шыға алмады. Осы үшін бас жаттықтырушы Луис Эрнике елге келгесін бірден қызметінен босатылды.
Оның орнына келіп жатқан Луис де ла Фуэнте бұрын Испанияның жасөспірімдер мен жастар құрамаларында жұмыс істеген. Ол енді өзінің жаңа міндетіне әлем чемпионаты аяқталғаннан кейін кіріседі. Оның қол астындағы Испания құрамасы 2020 жылы Токиода Олимпиялық ойындардың күміс жүлдегері атанды.
Серік ПІРНАЗАР,
ҚЫЗЫЛОРДА