Алматыда шорт-тректен Әлем кубогының үшінші кезеңі аяқталды.
Соңғы жарыс күні ерлер мен әйелдер жекелей сында 500, 1500 метр мен командалық эстафетаның жеңімпаздары мен жүлдегерлерін анықтады.
Денис Никиша 500 метрге жарыста күміс медаль жеңіп алды. Бұл биылғы Әлем кубогының үш кезеңінде қазақстандық шорт-трекшілер қол жеткізген 5-медаль.
Абзал Әжіғалиев 3-орын (500 м, В финалы). Санжар Жанысов өз тобында 5-орын (500 м, В финалы). Ольга Тихонова 6-орын, Алина Ажғалиева 7-орын, Мадина Жанбосынова 8-орын (1500 м, жартылай финал). Бұл қашықтықта бельгиялық Ханне Десмет жеңімпаз атанды. Күміс медальді канадалық Кортни Сароның, қола жүлдені германиялық Анна Зайдель алды. Яна Хан өз тобында 4-орынға (500 м, ширек финал) шықты. Ол бүгін 500 метрде Қазақстан рекордын тіркеді (43.355 секунд).
Әділ Ғалиахметов 1-орыннан, Еркебұлан Шамуханов 2-орыннан, Нұртілек Қажғали 4-орыннан (1500 метрде В финалы) көрінді. Мұнда кореялық Чжи Вон Парк пен Гён Хван Хон алтын мен күміс жүлдені қоржынға салса, канадалық Паскаль Дион үштікті түйіндеді.
Командалық эстафетада ерлер құрамасы В тобында 2-орын алса, әйелдер (В финалы) 4-сатыға тұрақтады. Бұл екі бағдарламада Канада құрамасының спортшылары ешкімге дес берген жоқ.
Келесі 4-кезең де 16-18 желтоқсан аралығында Алматы қаласында өтеді.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА