Аргентина құрамасы мен Францияның «Пари Сен-Жермен» клубының шабуылшысы Лионель Месси L’Équipe басылымы өткізген сауалнаманың қорытындысы бойынша 2022 жылдағы чемпиондардың чемпионы атағына лайық деп танылды.
L’Équipe редакциясы журналистерінің айтуынша, бұл сыйлық жылдың ең үздік спортшысына беріледі.
Рейтинг 4 желтоқсан күні аяқталған дауыс берудің нәтижесі бойынша жасалған.
Дауыс беру қорытындысы бойынша Лионель Месси 808 ұпай жинады. Франция құрамасы мен «ПСЖ-ның» шабуылшысы Килиан Мбаппе 381 ұпай алып, екінші орынға шықты. Үшінші орынға испаниялық теннисші Рафаэль Надаль (285) лайық болды.
Бельгиялық велоспортшы Ремко Эвенепул төртінші, нидерландылық автожорықшы Макс Ферстаппен бесінші орыннан көрінді.
Бұған дейін Месси Халықаралық футбол тарихы және статистикасы федерациясының (IFFHS) шешімімен 2022 жылғы әлемдегі үздік футболшы атағын иеленген болатын.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА