Теннистен Австралияның ашық чемпионатының 1/4 финалында отандасымыз, Уимблдон — 2022 турнирінің чемпионы Елена Рыбакина латвиялық Елена Остапенкомен кездесіп, оны 6:2, 6:4 есебімен жеңген соң, жартылай финалда әлемнің 18-ракеткасы, «Үлкен дулыға» жарысының екі мәрте жеңімпазы Беларусьтің өкілі Виктория Азаренкомен күш сынасты.
Рыбакина мен Азаренко осыған дейін былтыр АҚШ-тың Индиан-Уэллс қаласында өткен турнирде кездескен еді. Сол кезде Рыбакина қарсыласын 6:3, 6:4 есебімен басым түскен болатын. Ал осы жолы Қазақстан теннисшісі алғаш рет Австралияның ашық чемпионатының жартылай финалына шығып, тағы да Виктория Азаренкомен кездесті.
Беларусь теннисшісі Мельбурн корттарында 2012 және 2013 жылдары екі рет жекелей сында жеңіске жеткен. Биылғы сында ол қарсыластарының бәрін жолдан шығарып, жартылай финалға да емін-еркін жетті.
Кездесу аса тартысты және қызықты өтіп, 2 сағатқа жуық уақытқа созылды. Матчта Рыбакина қарсыласын бірінші партияда 7:6, 6:4 есебімен жеңді.
Екінші жартылай финалда тағы бір Беларусь теннисшісі Арина Соболенко (5 WTA) финалға шығу үшін Польша өкілі Магда Линетпен (45 WTA) кездеседі. Спортшылар бір-бірімен екі рет ойнаған. Екеуінде де Арина Соболенко жеңген.
«Australian Open» Мельбурндегі «Мельбурн Парк Род Лэйвер Арена» стадионында болып жатыр.
Австралияның ашық чемпионаты 30 қаңтарда өз мәресіне жетеді.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА