Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Исламбек Салжановты қабылдады, деп хабарлады Ақорда.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа қауымдастықтың былтыр атқарған жұмыстарының қорытындысы мен алдағы кезеңге арналған жоспары туралы баяндалды.
Исламбек Салжановтың айтуынша, көкпар, жамбы ату, аударыспақ, теңге ілу, бәйге, құсбегілік, дәстүрлі садақ ату, тоғызқұмалақ және асық ату секілді ұлттық спорт түрлерінің федерациялары қауымдастық аясына біріктірілген.
Сонымен қатар ұлттық спорттың дамуына сараптама жасалып, жеке-жеке респубикалық федерациялармен институционалдық тұрғыда жұмыс жүргізіле бастаған.
2024 жылы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізуге берген Қазақстанның өтінімін Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясы бірауыздан қолдады.
Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылы елімізде өтетін ауқымды шараны сапалы әрі жоғары деңгейде ұйымдастыру жөнінде нақты тапсырмалар берді, – делінген ақпаратта.
Мемлекет басшысының айтуынша, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары ұлттық спорт шараларымен шектелмеуі керек. Аталған халықаралық спорт сайысы қолөнер, туризм, қызмет көрсету саласы сияқты шағын және орта бизнес өкілдері үшін де тиімді ұйымдастырылып, кәсіптерін ілгерлетуге жағдай жасалуы қажет.
Сонымен қатар Қазақстан президенті ұлттық спорт түрлерінің даму тұжырымдамасын әзірлеу қажет екенін және ат спорты ойындарындағы қауіпсіздік мәселесін қарастыруды тапсырды.
Айта кетейік, 2022 жылдың қыркүйегінен бастап қауымдастық жұмысында өзгерістер болды. Спорт түрлері бойынша Ұлттық қауымдастық құрамында бұрын 5 федерация болған. Олар: көкпар, жамбы ату, аударыспақ, теңге ілу, бәйге федерациясы. Қазір бізге тағы 4 федерация қосылды: дәстүрлі садақ ату, тоғызқұмалақ, асық ату және құсбегілік.
Сондай-ақ Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының басшылық құрамында өзгерістер болды. Ұлттық алты спорт түрі бойынша республикалық федерациялардың басшылары сайланды.