• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Ресейлік футболшылар Қазақстанның азаматтығын алғысы келіп жүр – Магомед Адиев

    Ресейлік футболшы, «Химки» клубының жартылай қорғаушысы Александр Зуев еліміздің азаматтығын алып, ұлттық құрама командада ойнағысы келіп жүр. Бұл туралы sport24.ru хабарлады.

    Ал  СпортРадар.kz-тің хабарлауынша, ол елімізде тұрақты тұру үшін құжат алуға әрекет етіп жатыр. Егер Зуев тиісті құжатты алатын болса, онда Қазақстанның ұлттық құрамасында ойнауы әбден мүмкін.

    Осы мәселеге байланысты ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Магомед Адиев өз пікірін білдірді.

    Оның айтуынша, Зуевтің ұлттық құрамада ойнайтыны туралы айтуға әлі ерте. Егер Зуев азаматтық алып, көк төлқұжатты көрсетсе, онда құрама командамен ақылдасып, ойлануға болады.

    Мен Александрдың азаматтық алғысы келетінін естідім. Егер ол барлық құжаттарын алып, бәрін реттесе, онда ойланып көреміз. Қазір оның құжаты жоқ. Сондықтан оны мәселе етіп, талқылаудың керегі жоқ. Біз әр нәрсені ұлттық құраманың ойыншыларымен ақылдасып шешеміз. Бірақ соңғы сөзді мен айтамын. Бас жаттықтырушы болған соң, шешімді өзім қабылдаймын. Біздің киім ауыстыратын бөлмемізде ойыншылармен жақсы түсіністік қалыптасқан. Сондықтан жақсы атмосфераның, жақсы аураның шырқын бұзғым келмейді. Әзірше Зуев Қазақстан азаматы емес. Сондықтан ол құрамасы ойыншысы бола алмайды. Егер көк паспорты дайын болса, көреміз, –  деді Адиев.

    Бас жаттықтырушының айтуынша, жалпы, қазір бір ғана Зуев емес, Ресейдің көптеген футболшылары Қазақстанның азаматтығын алып, ұлттық құрамада ойнағысы келіп жүр.

    Ал Александр Зуев 1996 жылы Қостанайда туған. Бала кезінде «Тобыл» клубының балалар мектебінде жаттыққан. Кейін Ресейге көшіп кеткен. 2013 жылы 17 жасқа дейінгі футболшылар арасында өткен Еуропа чемпионатын жеңіп алған. 2016 – 2017 жылдардағы футбол маусымында Мәскеудің «Спартак» жасағының құрамында Ресей чемпионы атанған. Содан кейін «Рубин» (Қазан), «Ростов» (Ростов на Дону), «Крылья Советов» (Самара) командаларында ойнаған. Соңғы кезде Мәскеудің түбіндегі Химки қаласының «Химки» клубында доп теуіп жүр.

     

    Дастан КЕНЖАЛИН,

    АСТАНА

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *