• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Стадион салынуға тиіс жер сегіз жылдан бері бос жатыр

    Мұнайлы ауданы Басқұдық ауылындағы балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің стадионы салынуға тиіс учаске сегіз жылдан бері бос жатыр.

    Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев пен аудан әкімі Ержан Күмісқалиев ол жерде бір жарым жылдан бері қоқыс контейнерлері мен электр бағаналары жатқанын біле ме екен? Бұл – балалар үшін қауіпті әрі зиян. Ал әкімдеріміз өз балалары бармайтын жер болғасын, басын ауыртқысы келмейтін сияқты.

    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Азаматтардың салауатты өмір салты – саламатты ұлт қалыптастырудың негізгі шарты. Сондықтан бұқаралық және балалар спортына ерекше назар аударуымыз қажет. Бұл стратегиялық маңызы бар басым міндет», – деген еді.

    Басқұдық ауылы әкімдігінің жанынан өтіп бара жатсаңыз, қарама қарсы тұрған аулаға назар салыңыз. Сырттан қараған адам мына жерде бір мекеме бар шығар деп ойлап қалады. Бірақ ауланың ішінде қоқыс контейнерлері мен электр бағаналары ғана жатыр. Бір жарым жылдан бері жанында балалар айнала жүгіреді, футбол ойнайды. Сонда олардың қауіпсіздігіне кім жауап береді?

    Ангардың іші тар. Спорт мектебінің ауласына футбол, волейбол, үлкен теннис пен монша, жатақана салынуы керек. Сегіз жылдан бері аудандық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы болып отырған Есенбай Құли неге осы жоспарды іске асырмайды? Ол тіпті, ауданымыздың жаттықтырушыларымен кездесіп, жиналыс та өткізбеген.

    Өткен жылдың соңында Басқұдық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі «Жыл қорытындысын» ұйымдастырып, жетістікке жеткен спортшылар мен жаттықтырушыларды марапаттады. Сонда аудандық мәдениет және спорт бөлімінің жұмысын Басқұдық спорт мектебінің басшысы Өтеген Сабытаев ұйымдастырды. Бұған спорт мектебінің орынбасары Сүндет Ризбаев пен әдіскер-нұсқаушы Нұрбол Утесинов бір аптадай дайындалып, атсалысты. Сонда байқағаным, аудандық мәдениет және спорт бөліміне жаңа басшы керек екен. Яғни, Мұнайлы ауданының спорт саласы үлкен өзгерістерді күтеді.

    Біздер «Жаңа Қазақстанды» Астана мен облыс орталықтарында ғана емес, аудан-ауылдарда түгел сезінгіміз келеді.

     

    Айбек МҰХАНОВ,

    Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

    Маңғыстау облысы,

     Ақтау қаласы.

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *