• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Жасөспірімдер шаңғымен тұғырдан секіруден Олимпиадаға жолдама алды

    Алматыда IV қысқы Жастар спорт ойындары болып жатыр. Бүгін Алатау бөктеріндегі қалада шаңғымен тұғырдан секіруден үздік жасөспірімдер анықталып, марапатталды. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігінің Спортты дамыту дирекциясы хабарлады.

    Соңғы жарыс күні аралас командалық сында (2 қыз бен 2 ұл, — ред.) Алматы қаласының бірінші командасы айтарлықтай басымдықпен жеңіске жетті. Одан кейінгі орынға Алматы-2 командасы мен Шығыс Қазақстан облысының спортшылары ие болды.

    Жалпы есепте Алматы қаласы жеке-дара топ жарды. Шығыс Қазақстан облысы екінші орын алса, Алматы облысы үздік үштікті түйіндеді.

    Барлығы «Сұңқар» халықаралық шаңғы трамплиндер кешенінде 4 өңірдің (Алматы қаласы, ШҚО, Жетісу және Алматы облысы, — ред.) 100-ден астам спортшысы 5 жас санатына бөлініп, сынға түсті. Олар жекелей сында К-20 (12 жас), К-40 (13-15 жас), К-60 (14-16 жас), К-95 (17-20 жас) тұғырынан секірсе, командалық бәсеке К-90 трамплинінде болды.

    Жарыс өзіме қатты ұнады. Қиын болды деп айта алмаймын. Десе де тартыс соңына дейін созылды. Шаңғымен тұғырдан секіруге 6 жасымда келгенмін. Биыл осы спортпен айналысқаныма 10 жыл болады. Кумирім –Данил Васильев. Жақын арада онымен бірге жаттығып, бірге өнер көрсетуді қалаймын,-деді үш алтын медаль (жекелей және командалық) жеңіп алған алматылық Илья Мизерных.

    Енді Алматыда керлингшілердің жарысы болып жатыр. Барлығы екі қала мен сегіз облыстан келген команда (200-ге тарта жас спортшы) екі топқа бөлінген. Жеңімпаз бен жүлдегерлер 12 ақпанда белгілі болады.

    Жалпы, биылғы жарыста 11 спорт түрінен үздіктер анықталады. Барлық бәсекеден соң әр спорт түрінен еліміздің жастар құрамасы жасақталып, алдағы халықаралық ресми жарыстарға, оның ішінде 2024 жылы Оңтүстік Кореяның Канвондо қаласында өтетін қысқы Жасөспірімдер Олимпиадасына баратын спортшыларды анықталады. Сондай-ақ 2026 жылғы Италияның Милан қаласында өтетін Олимпия ойындарына дайындалуға қатысатын спортшылар іріктеледі.

    Ойындардың салтанатты ашылуы 23 ақпан күні Павлодар қаласында сағат 14.00-де, ал жабылу рәсімі  8 сәуірде сағат 14.00-де Астана қаласында болады.

    Биылғы Жастар спорт ойныдарының жеңімпаздар келесі жылы Оңтүстік Кореяның Канвондо қаласында өтетін қысқы Жасөспірімдер Олимпиадасына барады.

     

    Шамкен БАЙЫРБЕК,

    АЛМАТЫ

    Фото: Мәдениет және спорт министрлігінің Спортты дамыту дирекциясы 

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *