• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Тұлғаны еске алу турнирі

    «Жақсы адам ел ырысы, жаңбыр жауса жер ырысы», деген екен дана халқымыз. Қазақ спортының дамуына зор үлесін қосқан тау тұлғалы азаматтар көп екенін білеміз. Солардың ішінде басшылық қызметте жүріп, қолынан келген жақсылығын қазақ спортының өркендеуіне, кешенді ғимараттардың бой көтеруіне сүбелі үлесін қосқан ірі тұлғаның бірі — Каркен Ахметұлы Ахметов деп айтар едік.

    Ол кісінің Қазақ КСР Министрлер Кеңесіндегі Спорт комитетінің төрағасы болып тұрған жылдары «Алтын ғасыр» деп атау берген екен. Каркен Ахметұлының тікелей басшылығымен Алматыда Орталық стадион, «Медеу» мұз айдынымен қоса көптеген спорт ғимраттары салынғанын біреу білсе біреу білмес. Сонымен қатар, Каркен Ахметұлы тұсында спортшылар спорттың әр түрінен көптеген ірі халықарылық жарыстарда бәйгелі болып, еліміздің атын Одақ түгілі әлемге танымал етті.

    Бүгінде Алматыдағы Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі  кеңпейілді кемел  басшы, білгір маман, ардақты тұлға,қоғам қайраткері  Кәркен Ахметұлы Ахметовтың атымен аталады. Бұл мектептен аты әлемге танылған спортшылардың қатары қалың. Солардың бірі де бірегейі Олимпия ойындарының күміс жүлдегері Елдос Сметовті айтсақ жетіп жатыр.

    Айтулы мектеп-интернат колледждің қабырғасында әйгілі тұлғаның еске алуға арналып ұйымдастырылған додалы жарыстың мақсаты да сол жас ұрпаққа, алтынның сынығы Кәркен Ахметовтың кім болғанын еске ала отырып жас буынның спортқа, елге деген көзқарасын жақсарта түсу болған екен.

    Жуырда дзюдо академиясында мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ спортының жанашыры Кәркен Ахметұлы Ахметовты еске алуға арналған кадеттер арасында республикалық турнир болып өтті. Бұл жарысты өткізуге Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің Кәркен Ахметов атындағы Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі мұрындық болды. Турнирге құрметті қонақ ретінде: Кәркен Ахметовтың тұған ұлы Нұрлан Кәркенұлы мен дзюдо күресінен көптеген спорт саңлақтарын жаттықтырған Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушылар – Жексенбай Саламатов, Сейдолла Калиев, Дүйсен Аязбеков пен Төлеген Сұлтанов келіп қатысты.

    Жарысқа «Шаңырақ» шағын ауданындағы Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжімен оннан астам спорт клубынан келген 100-ден аса татами шеберлері 9 салмақ дәрежесі бойынша өзара мықтыны анықтады. Кәркен Ахметов атындағы спорт мектебінің жас спортшылары бұл жарыста жақсы нәтиже көрсетті. Олар 6 салмақта 6 алтын, 1 күміс және 3 қола медальді жеңіп алды .
    Сонымен алтын жүлдені Габит Расулхан (46 кг), Нұрасыл Пан (50 кг), Алтынбек Конысбай (55 кг), Мұхаметәлі Жылқайдыр (60 кг), Диас Ихсанов (66 кг) пен Батырхан Тоқтар (+73) жеңіп алса,  жалғыз күміс медальді  55 кг салмақта Айдын Шүкірбек иеленді. Ал жүлделі қола медальге  Марханбет Жанарыс (42 кг), Құрбан Оразақынов (60 кг) пен Нұрдос Досберген (60 кг) ие болды.

    Жарыс соңында қадірлі қонақтарға естелік сыйлықтар табыс етіліп, жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды. Осындай жарыстар дарынды балуандардың шыңдалып өсуіне зор ықпал берері сөзсіз. Алдағы уақытта бұл турнир халықаралық деңгейге көтеріліп жатса, нұр үстіне нұр болар деп айтар едік.

     

    Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,

    АЛМАТЫ

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *