• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Аргентиналық футболшылар мен жанкүйерлер жыл үздіктері атанды

    Францияның астанасы — Париж қаласында The Best FIFA сыйлығын табыс ету рәсімі болды.  

    Салтанатты іс-шарада Халықаралық футбол федерациясының (ФИФА) шешімімен Аргентина ұлттық құрамасы мен Францияның «Пари Сен-Жермен» клубының шабуылшы Лионель Мессиге, 2022 жылдың үздік ойыншысы атағы берілді. Сонымен бірге Аргентинаның бас жаттықтырушысы  Лионель Скалони жылдың үздік бапкері деп танылса, осы елдің құрама командасы мен Англияның «Астон Вилла» клубының қақпашысы Эмилано Мартинес жылдың үздік қақпашысы атанды.

    Үздіктердің қатарына Аргентина елінің жанкүйерлері де қосылды. Бұл мемлекеттің халқы былтырғы жылдың үздік жанкүйерлері болды.

    Лионель Месси былтыр Катарда өткен әлем чемпионатында Аргентина құрамасымен бірге әлем чемпионы атағы мен Финалиссиманы жеңіп алды. Ол «ПСЖ» сапында Франция чемпионы болып, осы елдің Суперкубогының иегері де атанды.

    Бұған дейін Месси 2019 жылдың үздік ойыншысы атанған болатын. Жылдың үздік футболшысы атануға Килиан Мбаппе мен Карим Бензема да үміткер болды.

    Мартинес Аргентина құрамасының сапында әлем чемпионы атанып, мундиальдың үздік қақпашысы деп танылды. Ол финалда Франция ойыншыларының матчтан соңында тепкен бір пенальтиін қайтарды. Онымен бірге бұл сыйлыққа «Реал» және Бельгия құрамасының қақпашысы Тибо Куртуа мен «Севилья» және  Марокко құрамасының қақпашысы Яссин Боно таласты.

    Аргентина ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Лионель Скалони Катарда өткен әлем чемпионатында команданы жеңіске бастап апарды. Скалони ұлттық құрамамен жасалған келісімшартын 2026 жылға дейін ұзартты.

    Аргентинаның жанкүйерлері болса, ұлттық құрама әлем чемпионы атанғаннан кейін өз елдерінде отандастарының жеңісін ұзақ уақыт тойлап, барша жанкүйерге ұлттық құрамаға болысудың үлгісін көрсетті.

    Әйелдер арасындағы жылдың үздік ойыншысы атағы «Барселона» мен Испания құрамасының жартылай қорғаушысы Алекчия Путельясға берілді. Ол өткен жылы командасымен бірге Испания чемпионаты мен Суперкубогын жеңіп алып, Патшайым кубогының иегері атанған.

    Марапаттау салтанатында ФИФА жақында қайтыс болған футбол королі Пеленің құрметіне «Мәңгілікке ең үздік» сыйлығын тағайындады. Сыйлық үш дүркін әлем чемпионының үшінші әйеліне Марсия Аоки берілді. Ал жүлдені Бразилия ұлттық құрамасының экс-шабуылшысы Роналдо табыс етті.

     

    Дастан КЕНЖАЛИН,

    АСТАНА

     

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *