Batyrball турнирінде бокстан Олимпиада чемпионы Серік Сәпиевпен ұстасып қалған балуан Зелимхан Мусиханов колледжден шығарылған. Бұл туралы боксшы Аида Сатыбалдинова Instagram-парақшасында айтты.
Оның айтуынша, балуанның спорт колледжін бітіруіне екі ай қалған. Сонымен бірге әлі расталмаған ақпарат бойынша, Мусихановтың туыстары да жұмыстан қуылған.
Олимпиада чемпионы мен Зелимхан Мусихановтың төбелесін бәріміз көрдік. Жігіттер қол алысып, жанжал сонымен бітті деп ойлап едік. Алайда олай емес екен. Осы оқиғадан кейін не болды дейсіздер ғой. Зелимхан өзі оқып жүрген спорт колледжінен шығарылды. Оның ағасы жұмыстан қуылған. Ата-анасы да жұмыстан қуылған деген дерек бар. Бірақ анық-қанығын білмеймін. Артынан Александр Гольцман (Мусихановтың жаттықтырушысы, — ред.) осы іске араласып, Зелимханды қайтадан оқуға алдыруға тырысады. Себебі, балуанды осы оқиғаға бола оқудан шығару қате. Амалын тауып оны қайтадан алдырды, — деді Сатыбалдинова.
Batyrball ойыны (спорттың күрес пен баскетболдың аралас түрі, — ред.) кезінде Серік Сәпиев балуан Зелимхан Мусихановпен ұстасып қалған. Балуан Сәпиевке қарсы күрес әдісін қолданған еді. Бұл боксшыға ұнамаған. Содан кейін екеуінің арасында төбелес бола жаздаған. Кейін киім ауыстыратын бөлмеде екеуі қол алысып, бір-бірінен кешірім сұраған. Зелимхан Мусиханов пен оның жаттықтырушысы Александр Гольцман көпшіліктен кешірім сұрап, бейнежазба жариялаған.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА