Грекияның астанасы – Афина қаласында көркем гимнастикадан VIII «Афродита кубогы» атты халықаралық турнир аяқталды. Бұл жарыста Қазақстанның көркем гимнастшылары алты бірдей жүлделі орынға ие болды.
Милана Парфилова шығыршықпен және доппен өнер көрсетуде финалға жетіп, қос бағдарламада да күміс жүлде жеңіп алды. Эрика Жайлауова ұршықпен өнер көрсетуде қола жүлдегер атанса, шығыршықпен көрсеткен жаттығуда 7-ші, лентамен өнер көрсетуде 8-орыннан көрінді. Жастар арасында Айым Мейіржанова лентамен жаттығу көрсетіп, қола жүлдені иеленді. Оның еншісінде 25.850 балл бар.
Командалық сайыста Айдана Шаяхметова, Аяулым Қадыр, Аружан Қасенова, Аружан Қалсаева, Ақсұңқар Әбдірахман, Әсел Шүкірбай 3+2 бағдарламада (3 гимнаст лентамен, екеуі доппен) 25.800 ұпай жинап, екінші орын алды. Бұл сында Грекия гимнастшылары топ жарса, АҚШ құрамасы үшінші орын алды.
Қазақстан қоржынына соңғы медальді топтық сайыста жастар салды. Олардың финалдағы лентамен көрсеткен бағдарламасына төрешілер 28.050 балл берді. Қазақстан құрамасы Италия мен Болгариядан кейінгі үшінші орынға табан тіреді.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА