• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Бокс: жетінші күнгі көрсеткіші: 3 жеңіс, 1 жеңіліс

    Ташкентте өтіп жатқан бокстан әлем чемпионатының жетінші күні Қазақстан боксшыларының үшеуі жеңіске жетіп, біреуі ұтылып қалды. Бұл туралы rast.kz хабарлады.

    Бүгін 51 және 75 келіге дейінгі салмақтағылар – 1/16 финалдық, ал 57 келіге дейінгі және 92 келіден ауыр салмақтағылар 1/8 финалдық шайқастарын өткізді.

    Біздің боксшылардан Ташкент рингіне бірінші рет шығып тұрған Сәкен Бибосынов (51 кг) – үндістандық Дипак Дипакпен, Нұрқанат Райыс (75 кг) доминикандық Виргилия де Лос-Сантос Делгадомен қолғап түйістірсе, бұған дейін бір-бір қарсыласын ұтып шыққан Серік Теміржанов (57 кг) – венгер Роланд Вереспен, Қамшыбек Қоңқабаев (+92 кг) сириялық Мохаммад Млайеспен кездесті. Бұлардың алдыңғы үшеуі күндізгі сессияда, ал Қамшыбек кешкі сессияда өнер көрсетті.

    Өкінішке қарай, бұл күні бірінші болып рингке көтерілген әлем чемпионы Сәкен жеңіліске душар болды. Бірақ алдыңғы екі раундта да бәсекелесінен басым түскен (3:2, 4:1) оның соңғы раундтың қорытындысымен қалайша жеңіліске ұшырағаны түсініксіздеу болып қалды. Бұдан кейін шаршы алаңды шайқаған Серік венгер боксшысын тактикалық жағынан өте әдемі етіп ұтты. Оның соңынан доминикандық атлетпен тайталасқа түскен Нұрқанат бір рет нокдаунға түсіп қалғанына қарамастан, екінші-үшінші раундтарды қарқынды аяқтап, жеңісті тартып әкетті.

    Кешкі сессияда сириялық алыппен айқасқан Қамшыбектің жекпе-жегі өзінің ақырына дейін жанкүйерлерін қатты алаңдатып отырды. Олай болатыны, біздің бағлан раунд сайын артық шығып тұрғанына қарамастан, салмағы да ауыр, жұдырығы да жуан сириялықтың қапияда тиген оқыс соққысы бәрін бір мезетте шешіп кетпес пе екен деген қауіп сейіле қойған жоқ. Дегенмен, әр мүмкіндіктен тиісті ұпай жинай білген Қамшыбек жұдырығымен жел шайқап жүрген жігіттің сұрапыл сілтесі сәттерінің бәрінен сытылып шығып кетіп, гүжбан гүрзінің бар пәрменімен жұмсалуына мұрсат берген жоқ.

    Осылайша, Серік пен Қамшыбек 10 мамырда ойналатын ширек финалға шықты. Сол күні Серік кубалық Дель-Рей Сайдел Орта Родригеспен, Қамшыбек өзбек Баходир Жалоловпен шайқасады. Ал Нұрқанат 9 мамырда бразилиялық Уандерей Перейра 1/8 финалдық жекпе-жек өткізеді.

    Сонымен, Қазақстан құрамасы сапынан осы кезге дейін Сәкен Бибосынов (51 кг), Талғат Сырымбетов (60 кг), Санатәлі Төлтаев (63, кг) және Айбек Оралбай (92 кг) есімді жігіттер жарыс жолынан шығып қалды. Топ таласында әлі тоғыз саңлағымыз жүр.

    Ертең, 8 мамыр, чемпионаттың сегізінші күні 48, 54, 60, 86 және 92 келіге дейінгі салмақтардағы атлеттер 1/8 финалдық шайқастарға қатысады. Бұлардың қатарына бізден Санжар Тәшкенбай (48 кг), Махмуд Сабырхан (54 кг), Сағындық Тоғамбай (86 кг) қиқу қосады. Осы санаттағы Санжар мен Махмуд чемпионаттағы бірінші ұрыстарын өткізеді. Ал Сағындық 2 мамыр күні 1/16 финалдық іріктеу сынында Конго Демократиялық Республикасының өкілі Мбелин Нландуды үшінші раундта техникалық нокаутпен жеңген еді.

    Сонымен, ертең Махмуд Сабырхан күндізгі сессияда венгер Иштван Закамен кездессе, кешкі сессияда Санжар Тәшкенбай өзбек Шодиержон Меликузиевпен, Сағындық Тоғамбай өзбек Шохжахон Абдуллаевпен жұдырық сілтеседі.

    Күндізгі сессия шайқастары – сағат 14:00-17:00, кешкі сессия сағат 18:00-21:00 аралығында өтеді.

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *