Алматыда шахматтан Азия чемпионаты аяқталды. Оның жабылу салтанаты Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында болды.
Қазақстан шахмат федерациясы хабарлауынша, жарыста өзбекстандық гроссмейстер Шамсиддин Вохидов «Азияның шахмат королі» атанды. Ирандық гроссмейстер Бардия Данешвар күміс медальді иеленді. Ал Қазақстан құрамасынан ала тақта додасына қатысқан Әлішер Сүлейменов қола жүлдеге ие болды.
Төртінші орынды Үндістаннан келген гроссмейстер Абхиманью Пураник алды.
Әйелдер арасында «Азияның шахмат тәжін» үндістандық шахматшы Дивье Дешмух иеленді.
Күміс медаль тағы бір Үндістанның гроссмейстері Мари Анн Гомес бұйырды.
Қола жүлдеге Моңғолия гроссмейстері Батхуягийн Монгонтуул ие болды.
ТОП-5 үздік ойыншылар қатарына отандастарымыз Ксения Балабаева пен Әмина Қайырбекова кірді.
Осы жарыста алты чемпион FIDE-2023 әлем кубогына жолдама алды. Оның төртеуі ерлер арасында, екеуі әйелдер арасында.
Алматыда классикалық шахматтан басқа 3 маусымда блицтен Азия чемпионаты өткен еді. Онда FIDE шебері, Семейден келген 20 жастағы Арыстан Исанжулов жеңіске жетті. Екінші орынды үндістандық шахматшы Венкатеша Пранава иеленді. Үшінші орынға қазақстандық гроссмейстер Денис Махнев ие болды.
Әйелдер арасында қазақстандық шахматшы, FIDE халықаралық шебері Ксения Балабаева алтын медальға ие болды. Күміс жүлдені Үндістан шахматшысы Дивье Дешмух алса, үшінші орынды моңғол шахматшысы Турмунхийн Мунхзул қанағат тұтты.
Алматыда өткен Азия чемпионатына барлығы 18 елдің шахматшысы қатысты.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА