Алматыдағы «Динамо» стадионында шағын футболдан тартысты бір тамаша турнир болып өтті.
Жарыстың ашылу салтанатыннан кейін 6 команда екі топқа бөлініп, екі алаңда ойындарын қызу бастап кетті.
«А» тобында «Қаламгер»,» Қазақ радиосы», «Динамо ардагерлері» клубтары алаңға шықса, «В» тобында «Қазақстан ұлттық арнасы», «Алатау ақпарат» және «ҚР Ішкі істер академиясы» командалары тартысты ойындарын өткізді.
Полиция қызметкерлері мен БАҚ өкілдері мерекесіне орай «Динамо» кубогы үшін өткен додалы футбол жарысында біздің «Қаламгер» командасы топжарып бас жүлдені жеңіп алды.
Финалда «Қаламгер» «ҚР Ішкі істер академиясы» командасына қарсы ойнап, 2:0 есебімен жеңіске жетті. Осылайша «Динамо» кубогы барлық қарсыластарын ірі есеппен жеңген «Қаламгер» командасына табыс етілді.
Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер түрлі номинациялар бойынша бағалы сыйлықтармен марапатталды. Турнирдің үздік сұрмергені атағы Алла бұйыртып, 10 гол салған Ақын Ордабайұлының қанжығасына байланды. Белгілі әріптесіміз былтыр осы турнирдің күміс жүлдегер атанып еді. Енді міне, биыл алтын жүлде бұйырған екен.
Аллаға мың шүкір дейміз. Турнирдің жүлделі екінші орнын «ҚР Ішкі істер академиясы» иеленсе, қола жүлде «Динамоның» ардагер спортшыларына табыс етілді.
«Сырлы аяқтың сыры кетсе де сыны кетпейді», демекші, ардагерлер өте тәжірбиелі сақа футболшылардан құралған еді. Аралаларында кезінде «Қайрат» секілді әйгілі команданың жейдесін киген Арғымбаев сынды саңлақтарда бар. Бұл турнирде өзгеден ерекше ардагерлерге қарсы ойнау өте қиын соқты. Дегенменде 4:2 есебімен жеңіске жеткен едік. Ал, сол «Динамоның» ардагерлер құрамасы Қазақстан ұлтық арнасының командасымен 3 орын үшін кездесіп, ойынның негізгі уақытында 3:3 есебімен тең түсіп, пенальтиден ардагерлердің асығы алшысын түсті. Сөйтіп, турнирдің қола жүлдесін жеңіп алды, — деді қалам мен микрофонды қатар ұстап, онымен қоса теңбіл допты ұршықша иіріп жүгрген талантты әріптесіміз Ақын Ордабайұлы.
«Қаламгер» командасының сапында тамаша ойын көрсеткен футбол ардагері Ерлан Әміров, Ғалым, Ерлан, Ақмар, Абылай, Мақсат сынды арыны мықты, шабысы ерек ойыншыларға жанкүйерлер қол соғып, қошемет көрсетіп отырды. Жұмылған жұдырықтай ынтымақ бірлігі жарасқан команда әрқашанда жеңіске жетері анық. Бұл жолы дәл солай болды. Команда бір қолдың саласындай әдемі ойын өрнегін көрсете білді.
Алла осындай жеңісті күндерді көп қылсын! Турнирге қатысушылар осындай тартымды да тартысты жарысты ұйымдастырушы «Динамо» спорт қоғамы мен елге танымал ардагер спорт журналисі Әлім Анапиянов ағамызға шексіз рахмет айтып жатты.
«Спорт денсаулық кепілі», демекші, футбол ойнап жүгіріп, өмір қозғалысында болғанға не жетсін!.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА