Астананың «Астана» футбол клубы Чемпиондар лигасының іріктеу турнирінің бірінші сатысында Тбилисидің «Динамо» командасын сырт алаңда 2:1 есебімен жеңіп, келесі кезеңге шықты.
Бұған дейін 12 шілдеде командалардың Астанадағы алғашқы матчы 1:1 есебімен тең аяқталған еді.
Кавказ еліндегі екінші матч Тбилисидің Борис Пайчадзе атындағы стадионында болды. Кеңес одағы кезінде мұнда «Динамо» клубы 1964, 1978 жылдары ел чемпион атанған. 1990 жылдан бері Грузияның чемпионатын 18 рет жеңген. Сол кездері осы алаңда доп тепкен «динамошылар» 1981 жылы UEFA кубок иегерлері кубогының иегері атанған. Сөйтіп, бүкіл Еуропаның командалары санасатын команда болған.
Ал кешегі матчта алаң иелері Чемпиондар лигасының бірінші іріктеу турниріндегі екінші ойынын КСРО кезіндегі «динамошылар» сияқты жеңіске деген жігермен бастады. Матчтың бірінші таймында жергілікті команда қонақтардың қақпасына алыстан да жақын жерден де көздеп отырды. Сол себепті «Астана» қорғанысқа көбірек көңіл бөліп, алаң иелеріне есепті бірінші болып ашуға мүмкіндік беремуге тырысты. Алайда грузин футболшылары шабуылға біраз ден қойып, соның нәтижесін 22-минутта көрді. Бірінші тайманың бел ортасына келгенде «Динамоның» шабуылшысы Усман Камара есеп ашып кетті. Бірақ «Астана» клубы гол жіберіп алса да оған бола ашуға бой берген жоқ. Керісінше, ілезде жиналып, есепті теңестіру үшін қарсы шабуылға шығуға тырысты.
Матчтың екінші таймының басында ойын мүлдем өзгеріп кетті. «Динамоның» ойыншылары 1:0 деген есепке босаңсып, қонақтардың екі бірдей қарсы шабуылына шара қолдана алмай қалды. «Астана» клубында бірінші болып көптің арасында көріне алмай жүрген Абзал Бейсебеков көзге түсті. Ол 50-минутта грузиндердің қақпасының алдында гол салуға өте қиын сәтте жол тауып, есепті теңестіріп кетті. Алекс Амановичтің айып доп алағына алыстан асырған пасы Абзал Бейсебеков ыңғайына келіп қалып, ол допты оң аяғымен қақпаның сол жақ бұрышына дәл жіберді.
«Астана» клубының екінші голы, комбинация жағынан алып қарағанда, тіптен жақсы гол болды. Арада бір минут өткенде Алекс Аманович тағы да екінші доптың ассистенті болып, гол салуға мүмкіндік жасады. Ол біздің қақпаның маңайынан «Динамоның» алаңында ешкімнің қарауынсыз қалған Дембо Дарбоны байқап, алыстан пас берді. Дарбо осы допты оң аяғымен тоқтатып, сосын грузиндердің қақпасына қарай іліп әкетіп, айып алаңына кірген бойда қақпаның «тоғыздығына» дәл қадады. Есеп – 2:1.
Осыдан кейін алаң иелерінің бірнеше рет гол салуға мүмкіндігі болды. Алайда одан нәтиже шықпады. Сөйтіп, «Астана» биылғы Чемпиондар лигасындағы алғашқы камбәгін жасап, сырт алаңда жеңіске жетті.
Енді «Астана» іріктеу турнирінің екінші сатысында Хорватияның астанасы – Загребке бет алады. Мұнда «Динамо» клубымен кездеседі. Бірінші ойын 25 шілдеде Загребте, екінші матч 2 тамызда Астанада болады.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА