Конференция лигасының екінші іріктеу турнирінде еліміздің үш клубы – Шымкенттің «Ордабасы», Қостанайдың «Тобыл» мен Ақтөбенің «Ақтөбе» командалары жарыс жолына шықты.
Әуелі Астана уақыты бойынша «Ордабасы» өз алаңында Польшаның «Легия» жасағымен ойнады. Шымкенттің командасы ойын кезінде 2:0 есебімен ұтып жатып, қақпасына екі гол жіберіп алып, қолда тұрған жеңістен айырылып қалды. Сөйтіп, матч 2:2 есебімен тең аяқталды.
Алаң иелері құрамында ойынның 13-минутында Всеволод Садовский бірінші болып гол салса, 48-минутта Мамаду Мбодж екінші допты торға тоғытты. Содан кейін қонақтар сапында 63-минутта Томаш Педгарт есепті қысқартса, 86-минутта Блаж Крамер есепті теңестірді. «Легияның» екінші голы күмән туғызды. «Ордабасы» клубы матч аяқталған соң, оны ойыннан тыс, яғни оффсайдтан салынған деді.
Енді келесі матч 4 тамызда Варшавада болады.
Қазақстан клубтары қатысқан екінші матч Астана уақытымен сағат 22.50-де Грузияның Кутаиси қаласынан көрсетілді. Мұнда жергілікті «Торпедо» клубы «Ақтөбемен» кездесті.
Бұл матқа «Ақтөбенің» футоблшылары клубтың басшысы Сергей Куленконың кесірінен ойын болатын күні барды. Шынын айту керек, мұндай жағдай Қазақстан футбол кеңістігінде бұрын-соңды болмаған. Халықаралық жарысқа барлық талап, ереже бойынша бір күн ерте бармай, ойын басталатын күні жетіп бару деген еліміз тәуелсіздік алған кезден бері әлі болып көрген жоқ. Солай десек те «Ақтөбе» Грузияда бір күн бұрын жаттықпай, матчтың басталуына санаулы сағаттар қалғанда барса да намысқа тырысып, жақсы ойын өрнегін көрсетті.
Матчта қазақстандық клуб сенімді ойнады. 34-минутта «Ақтөбе» сапынан Әлібек Қасым пенальтиден мүлт кеткен жоқ. Ал 43-минутта Милош Раичкович есепті еселесе, 73-минутта Максим Самородов үшінші голдың авторы атанды.
«Торпедо» сапынан Георгий Арабидзе 89-минутта есеп айырмасын бір голға ғана қысқарта алды. Ойын енді бітеді дегенде «Ақтөбе» тағы да Кутаисидің Ramaz Shengelia FC Torpedo Kutaisi Stadium стадионына жиналған жанкүйерлерді жерге қаратты. 93-минутта «Ақтөбенің» ойыншысы Андрия Филиппович қақпаны дәл көздеді.
Осылайша «Ақтөбе» қарсыласынан 4:1 есебімен басым түсті. Енді келесі матч Ақтөбеде 3 тамызда болады.
Конференция лигасының екінші іріктеу турнирінде «Тобыл» клубы да сырт алаңда жеңіске жетті. Қостанайдың командасы Швейцарияның «Базель» жасағын 3:1 есебімен ұтты.
Бұл матч Астана уақытымен кеш басталды. Сағат тілі 23.20-ге жақындағанда командалар жасыл алаңға шықты. Шынын айтқанда, бұл ойында Қостанайдың жасағына көп үміт артылмаған еді. Бәс тіккен жанкүйердің көбісі Альпі тауының етегінде жатқан елдің командасы жеңіске жетеді деп болжам да жасаған. Алайда «Тобыл» ойында ерік-жігер, мінез көрсетіп, камбэк жасап, алаң иелерінен 3:1 есебімен басым түсті.
Матчтың алғашқы минуттарында «Базельдің» басымдығы көрініп тұрды. Олар бірінен соң бірі шабуыл жасап, ақыры соңында бірінші болып есеп ашты. 25-минутта Тьерно Барри көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.
Екінші таймда «Тобыл» командасы таразы басын теңестіруге тырысып, алға ұмтылды. Осы кезде Рамазан Оразовтың пенальтиден есепті теңестіруге тамаша мүмкіндігі болды. Бірақ ол 11 метрлік айып добы алаңынан қақпашыдан айласын асыра алмай қалды.
Ойынның 57-минутында Қостанайдың клубына тағы да пенальтиден есепті теңестіруге мүмкіндік берілді. Осыны Серж Дебле пайдаланып, пенальтиден шеберлігін көрсетті.
Осыдан кейін Рамазан Оразов 62-минутта алыстан қақпаны дәл көздеп, тамаша гол салды. Ал Ислам Чесноков 71-минутта таблодағы есепке өзгеріс енгізді. Сөйтіп, «Тобыл» сырт алаңда камбэк жасап, қарсыластарын қапыда қалдырып кетті.
Қостанайдың клубы бірінші іріктеу сатысында Финляндияның «Хонка» командасынан екі ойынның (2:1, 0:0) нәтижесінде үздік болып, екінші сатыға шыққан еді. Енді «Тобыл» тағы да 3 тамызда болатын «Базельмен» ойында үздік шықса, онда іріктеу турнирінің үшінші кезеңінде «Дерри Сити» (Ирландия) мен КуПС (Финляндия) командаларының арасындағы матчтардың жеңімпазымен кездеседі.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА