• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Бүлікшілерге қарсы тұрған батыр басшы

    Алматыдағы қаңтардың қайғылы оқиғасы қазақ еліне ауыр тиді. Қаншама боздақтар алаңға шығып, оққа ұшып, қаза болды. Иә, қазіргі ресми деректерде 200-ден асатын санды жария етуде. Ал, негізінде одан екі есе көп қазақ жастары жан құшты.

    Қаңтардың қайғылы күндерінің себеп-салдарын Үкімет тарапынан тағайындалған арнайы комиссия әлі зерттеп жатыр. Дегенменде бейбіт шеруге ілесе шыққан жазықсыз жандар ауыр жазаға тартылып кетпесе екен деген үміттеміз. Үкіметтің соңғы кездердегі саясатына қатты наразылық болған халық бейбіт шеруді еліміздің әр аймағынан бастаған болатын. Жаңаөзендегі сұйытылған газ бағасының шектен тыс қымбаттауының әсерінен халық көтеріліп, Үкіметке өз талаптарын қойды. Ел президенті күн өтпей бұл түйнекті мәселенің шешімін шығарып, газ бағасын 50 теңгеге дейін төмендетті. Ал, Жаңаөзен жұрты өзінің дегеніне жетіп тынышталғаны сол-ақ  еді, Алматыда керісінше, көше бойы отқа оранып, бүлікшілер отала түскен болатын. Ақыры немен аяқталғанын бәріміз көріп білдік. Бейбіт шерумен халықтың мұңын жоқтап шыққан қазақтың саналы жастары, ортағы кіріп кеткен қандықол қарақшылардың жетегінде  кетіп, не істеп не қойғандарын білмей де қалды.

    Құдай басқа бермесін, көше бойында қолдарына суық қару ұстаған сұсты  топтар алдына кездескенін ұрып-соғып, маңызы зор нысандар мен көше бойында орналасқан сауда-дүкендерді астан-кестен етіп тонады. Адам емес бейне бір жыртқыштар секілді бұл тобыр айуанның ісін істеп, аяушылық дегенді мүлде ұмытқан. Қаруларын оңды солды сілтеген басбұзарлар азық-түлік, киім-кешек және электроника дүкендеріне басып кіріп, топалаң салып түк қалдырмай тонап кетті.

    Әсем қаламыз Алматыда тұла бойын кек алып, көздері қанталаған жастардың көшедегі бүлігі қантөгіспен аяқталды. Қаншама жастарымыз қыршыннан қиылды. Қаншама ана ботадай боздап баласынан айырылып, тіпті мүрдесін де таба алмай зар илеп қалды. Президент Ұжымдық қауіпсіздік шарты бойынша көрші елдерден көмек күшін шақырып, бүлікшілердің баратын маңызды нысандарына тосақауыл қойды. Десек те сол сырттан келген әскерлердің біздің жастарға оқ атпады дегенге сену әрине, қиын. Бүлікшілер шарасыздан қаладан ауыл-ауылға қашып жан сауғалап кетті. Дегенмен Үкіметтің құрығы ұзын, күні бүгінге дейін жер-жерлерден суық қару асынған жастарымыз тұтқындалып, заң алдына апарылуда. Ал, енді сол бір қантөгіс көше бойлап жүрген күндері болған бір оқиғаны айта кетсек.

    Көше бойын талқандап келе жатқан бүлікшілер тобы 5 қаңтар күні Шевченко мен Байзақов көшелерінің қиылысында орналасқан Каркен Ахметов атындағы Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің қабырғасына тақаған еді. Жасөспірім дарынды балалар оқитын мектепті тас-талқан ету ойымен  темір қоршауларды майыстырып, ішке басып кіру амалына көшеді. Дәл сол кезде мектеп директоры Сейілхан Бақтығалиұлы Қарақов қандықол бүлікшілердің қаhарынан қорықпай  алдарына кесе-көлденең тұрып, мектебін үлкен қатерден қорғап қалған екен. Баласын қорғаған бозторғайдай, бүлікшілерді тоқтатып, аталы сөзін айтып бетін қайырыпты. Иә, ешнәрсені ұқпай өз дегендерін істеп жолын қиратып келе жатқан топтың қаhарынан қорықпай тұрып, «Жігіттер бұл жерде бірің інің, бірің бауырың болатын қазақтың жасөспірім балалары оқиды. Сондықтан да өз қазағының отын талқандап, қиратудан ешқандай абырой таппайсыңдар. Қайтыңдар! Тараңдар! Қойыңдар бұл бұзақылықты», деп қарсы тұрып алған екен. Сосын іштерінде саналы біреулері ақылға келіп, «Жүріңдер, кеттік», деп бәрін ілестіріп алып, көше бойлап төмен қарай жүгіре-жүріп кетсе керек.

    Міне, білікті басшының батыр қимылы. Сейілхан Бақтығалиұлының ата-бабалары батыр әрі балуан болған кісілер екен. Жүрек жұтқан басшының қаhарлы топқа қаймықпай қарсы тұрып, өзінің білім шаңырағын қорғап қалуы үлкен ерлік әрі нағыз азаматтық деп бағалауға болатын шығар. Қалай десек те Абайша айқанда, ессіз тобырға қаймықпай қарсы келу екінің бірінің қолынан келе бермесі бір анық. Сейілхан Бақтығалиұлы сол қатерлі күндерді мектеп қабырғасында қалып, бір көз ілмей күзеткен екен. Қазір қандықол бүлікшілер қиратып кеткен қоршаулар түгелдей жөнделіпті. Алда оқу маусымы басталады. Олимпия ойындарының күміс жүлдегері Елдос Сметов секілді дарынды жастар түлеп ұшып шығып жатқан бұл мектеп-интернат колледжде оқитын балалар осындай жолбарыс жүрек батыр басшылары болғанын  мақтан етері анық.

     

    Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,

    АЛМАТЫ

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *