• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Бибісара Асаубаева — блиц шахматтан екі дүркін әлем чемпионы!

    Бүгін Алматы қаласындағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында блиц шахматтан әлем чемпионаты аяқталды, деп хабарлады Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

    «Мереке қарсаңыздағы соңғы жарыс күні гроссмейстерлер үшін оңай болған жоқ. Қарбаласқа толы кездесулер нәтижесінде Бибісара Асаубаева блиц шахматтан қатарынан екі дүркін әлем чемпионы атанды. Ол барлық 17 ұпайдың 13-ін иеленді. Былтыр Бибісара блиц шахматтан ең жас әлем чемпионы атанған», — делінген хабарламада.

    Бибісара Асаубаеваның өзі жеңісі туралы былай деді:

    «Бүгін екінші рет әлем чемпионатында жеңіске жеттім. Былтыр өте сенімді ойын көрсетіп, топ жардым. Алайда, биыл сондай жақсы қарқын көрсете алмадым. Қазір отбасыммен біраз уақыт бірге болып, демалғым келеді», — деді ол баспасөз мәслихатында.

    Ал ерлер арасында норвегиялық Магнус Карлсен биылғы додадағы екінші алтын медалін мойнына тақты.

    Осы жерде айта кететін бір нәрсе, екі күн бұрын шахматтың  рапид түрінен қытайлық Тань Чжунъи жеңімпаз атанса, оған тай-брейкте есе жіберген Динара Сәдуақасова күміс медальге ие болды. Ал қола жүлде үндістандық Савита Шридің еншісінде кетті.

    Ерлер арасында Алматыда норвегиялық Магнус Карлсенге тең келер шахматшы табылмады. Ол 13 турдан кейін 10 ұпай жинап, рапидтен төрт дүркін әлем чемпионы атанды (2014, 2015, 2019 бен 2022 жылы). Германиялық Винсент Кеймер  күміс, америкалық Фабиано Каруана қола жүлдені иеленді.

    Жалпы, Алматыдағы ақыл-ой аламанына 50-ден астам елдің таңдаулы ойыншылары келді. Биылғы чемпионаттың жүлде қоры –1 млн доллар болды.

    Әлем чемпионатын ұйымдастырушылар – FIDE мен Қазақстан шахмат федерациясы. Сондай-ақ оған Мәдениет және спорт министрлігі мен Алматы қаласы әкімдігі қолдау көрсетті. Барлық нәтижені Worldrapidandblitz2022.fide сайтынан көре аласыздар.

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *