Алматыда жылдам және блиц шахматтан әлем чемпионатының жабыл салтанаты өтті. Бір аптаға созылған әлемдік додаға таңдаулы гроссмейстерлер қатысып, жарыс көрігін қыздырды.
Әлем чемпионатының салтанатты жабылу рәсімінде сөз сөйлеген Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев доданың елімізде өтуіне мұрындық болған Халықаралық шахмат федерациясына (FIDE) алғысын білдірді. Бұған дейін де спорт түрлерінен әлем чемпионаты, басқа да маңызды додалар өтіп келе жатқан Алматы қаласының әкімдігі шахматтан әлем чемпионатына да үлкен қолдау көрсетті. Қазақстан шахмат федерациясының вице-президенті Дәрмен Сәдуақасов Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевқа жылдам және блиц шахматтан өткен әлем чемпионатының белгісі саналатын естелік тақтаны сыйға тартып, федерация ұжымы атынан алғыс айтты.
Бұл әлем чемпионаты да тарих қойнауына кетті. Алматыда өткен ғаламдық дода Қазақстан шахматының өрлеу дәуірі туып келе жатқанын тағы бір мәрте паш етті.
Жылдам шахматтан яғни рапидтен әлем чемпионы атағын және кубок пен медалді норвег спортшысы, әлемдік гроссмейстер Магнус Карлсен еншіледі. Ол 13 ұпайдың 10-жинады. Кейінгі он жылдың ішінде шахматтан Магнусты жеңетін шахматшы шықпай тұр. Күміс медаль 13 ұпайдан 9,5 ұпайын алған германиялық Винсент Каймерге бұйырды. Рапидтен қола медаль америкалық Фабиано Каруананың қанжығасына бөктерілді.
Рапидтен қыздар арасында әлем чемпионы атағы қытайлық Тань Чжунъиге бұйырды. Күміс медаль жерлесіміз Динара Сәдуақасоваға жазылды. Қола медальді үндістандық Савита Шри алды.
Блицтен ерлер додасында да әлем чемпионы атағы норвег Магнус Карлсеннің қанжығасына бөктерілді. 21 ұпайдың 16-сын жинаған Карлсен еліне орасан олжамен аттанды. Күміс медаль америкалық Хикару Накамураға бұйырды. ол 15 ұпай алды. Қола жүлдені Арменияның жас шахматшысы келешегінен үлкен үміт күтетін талантты ұл Айк Мартиросян алды. Ол да 21 ұпайдың 15-ін иеленді.
Блицтен қыздар арасындағы додада күллі қазақстандықтар Бибісара Асаубаеваның жолынан жүлде күтті. Былтыр Польшада өткен әлем чемпионатында блицтен алтын медаль алған болатын. Бибі қызымыз сол биігінен төмендемей елімізде өткен әлем чемпионатында әнұранымызды шырқатып, көк туымызды желбіретіп әлем чемпионы атанды. Күміс медаль шахматтың отаны саналатын Үндістанның қызы Хампи Конеруге бұйырды. Қола жүлдені ресейлік Полина Шувалова олжалады. Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) басшылары қазақ еліне шахматтан әлем чемпионатын жоғары деңгейде өткізгені үшін алғысын білдірді.
Қуаныш РАХМЕТ,
АЛМАТЫ