• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    ????????????????????????????????????

    Чемпион Жақсылық ер атанды

    Бүгін классикалық күрестен әлем, Олимпиада чемпионы Жақсылық ҮШКЕМПІРОВ «ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК ЕРІ» атағын алды! Бұл жоғары марапатты Ақордада Президент Нұрсұлтан Назарбаев тапсырды.

    Жақаңды алғаш құттықтаушылардың бірі мен болдым. Жасыратыны жоқ, Жақсылылықты осы атаққа ұсынып, баспасөзде кеңінен насихаттаған, сонау 2015 жылдан бастап, Ақордаға спортшылардың қолын қойғызып, хат ұйымдастырғандардың бірі де мен едім. Міне, ақыры арман орындалды! Ең бастысы,қазақ халқының,қазақ ұлтының тілегі қабыл болды десем артық айтпаған болармын. Жақсылықты бүкіл қазақ жақсы көреді, бүкіл қазақстандықтар құрметтейді. Жақсылық та халықтың мұндай құрметіне лайық! …

    Әлі есімде, 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасында классикалық күрестен 48 кило салмақта чемпион болған Жақсылықты құрамадағы қалған 9 палуан салмақтары бойынша кезек-кезек төбелеріне көтеріп, шешінетін бөлмеге аяғын жерге тигізбей жеткізгені! Мен де сонда соңдарына еріп, жүгіріп жүргенмін. Содан Жақсылықты алып, облыстарды араладық. Мен ол кезде «Лениншіл жас» газетінің спорт бөлімінің меңгерушісімін. Халық қоғадай жапырылып, Жақсылықпен кездесуге ағылады. Облыстың бір ауданынан екіншісіне өткенде ұзын жол бойында таяққа сүйенген қарттар, кимешекті әжелерден бастап, бесіктегі балаға дейін топ-топ боп тұрады. Тоқтап амандасады Жақаң, үлкендер бетінен сүйеді. Бар шаруалары сол! Шіркін, бір жақсының отына мыңдар жылынған сол жылдар-ай!!! Палуан деп жүрген Жақаң да шешен боп алды. Бірде Амангелді ауданының бір мектебінде кездесу болды. Бір оқушы: «Жақсылық аға, біз Сізді Олимпиада чемпионы дегенге дәу, алып кісі деп жүрсек, Сіз шынашақтай ғана екенсіз ғой!» дегені. Жақсылықтың орнына мен терлеп кеттім. Жақаң сасқан жоқ. «Иә, чемпион болған кезде мен өзің айтқандай алып едім. Содан бері осындай кездесулерде ел менен тәбәрікке жұлып алып-алып, осындай болып қалдым!» дегені. Бұл 1984 жыл болатын.
    Мұндай естелік менде мың том болып, қатталып жатыр. Сол 1980 жылдан бері Жақаң екеуміздің жұбымыз жазылған жоқ. Менің «Ауылдан шыққан алыптар» атты кітабымдағы «ТЕГІСТІКТІҢ ТЕНТЕГІ» хикаяты да осы достықтан туған шығарма. Мен Жақсылықты спортшыдан гөрі Әбдісалан,Әбілсейіт, Ғұсман,Әмин, Тимур ағалар секілді СПОРТ СИМВОЛДАРЫНЫҢ қатарына қосқалы да талай жыл болды. Мына награда дәл соның дәлелі ғана!

    Несіп ЖҮНІСБАЙҰЛЫ,

    жазушы, публицист

    Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *