Өзбекстанның Ташкент қаласында кадеттер арасында дзюдодан Гран-при кезеңі өтіп жатыр, деп хабарлады SportPress.kz.
Жарыста ұлттық құрама спортшылары бес медаль жеңіп алды.
Әдия Жанахмет 40 келіге дейінгі салмақта қарсылас шақ келтірмей алтын жүлдені иеленді.
Ернат Кеңесбек (55 келіге дейін) пен Аслан Ерғалиев (60 келіге дейін) күміс жүлдеге ие болды. Ал Ғабит Расулхан (60 келіге дейін) пен Ерік Үсенов (66 келіге дейін) жарысты қола жүлдемен аяқтады.

3-8 желтоқсан аралығында Италия астанасы Рим қаласында нысана көздеу және стенд атудан әлем кубогінің финалы өтеді.
Маусымның қорытынды жарысында еліміз атынан Әсем Орынбай «скит» бағдарламасында өнер көрсетеді. Ә.Орынбай – осы жарысқа жолдама алған жалғыз отандасымыз. Ол маусымның соңғы додасына қатысу құқығын Алматыда өткен әлем кубогі кезеңіндегі жеңісінің арқасында иеленді.
Жарыс ережесіне сәйкес, финалға жолдамалар әлем кубогінің төрт кезеңіндегі нәтижелер мен жалпы кубоктік рейтинг негізінде беріледі. Сонымен қатар 2026 жылғы әлем чемпионатының жүлдегерлері мен былтырғы әлем кубогі финалының жеңімпаздары да Римдегі жарысқа қатысу мүмкіндігіне ие болды. Италияда барлығы 12 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Әсем бұған дейін де әлем кубогінің финалында топ жарған, 2023 жылы Қатар астанасы Дохада өткен жарыста алтын медаль жеңіп алған.

Алан Құрманғалиев үстел теннисінен жастар арасында Түркияның Ыстанбұл қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатының жартылай финалына жолдама алды.
Жұптық сында отандасымыз Иран өкілі Беньямин Фараджимен бірге өнер көрсетіп жатыр. Ширек финалда олар Үндістан құрамасының өкілдері Абхинандх Прадхивади мен Приянудж Бхаттачарьяны 3:2 есебімен жеңді.
Осылайша, Алан Құрманғалиев әлем чемпионатының кем дегенде қола жүлдесін қанжығасына байлады.
Финалға шығу үшін Құрманғалиев пен Фараджи Оңтүстік Кореяның Ким Дэхван мен Ли Хенхо жұбымен кездеседі. Бұл матч 26 қарашаға жоспарланған.

Алматыда әйелдер командалары арасында гандболдан Азия чемпионаты жалғасуда. Қазақстан құрамасы топтық кезеңдегі екінші ойында да жеңіске жетті.
Бұл жолы отандастарымыз Үндістан құрамасынан басым түсті. Ойын 33:27 есебімен Қазақстан құрамасының пайдасына аяқталды.
Ұлттық құрама алғашқы ойында Аустралия құрамасын 37:18 есебімен жеңген болатын.
Қазақстан құрамасы В тобындағы келесі ойынын бүгін, 25 қарашада Өзбекстанға қарсы өткізеді.
Азия чемпионаты 3 желтоқсанда мәресіне жетеді. Жарыстың қорытындысы бойынша үздік төрт құрама 2027 жылы Венгрияда өтетін әлем чемпионатына жолдама алады.

1 желтоқсанда Қытайдың Бейжің қаласында қысқа қашықтықта жүзуден (25 м) әлем чемпионаты басталады.
Онда еліміздің намысын төрт спортшы қорғайды.
Жарысқа қатысатын ұлттық құраманың тізіміне Ғалымжан Балабек, Ксения Игнатова, Глеб Коваленя, Әділбек Мусин кірді.
Әлем чемпионаты 6 желтоқсанға дейін жалғасады.

Гимнаст Нариман Курбанов Ресейдің Мәскеу қаласында өтіп жатқан халықаралық турнирде топ жарды.
Отандасымыз ат снарядындағы жаттығуда 15,066 ұпай еншілеп, алтын медаль жеңіп алды.
Ресей өкілі Ранель Сафиуллин 14,300 ұпаймен екінші орынға ие болды. Ал оның жерлесі Даниел Маринов 13,866 ұпаймен үздік үштікті түйіндеді.

Қазақстан ерлер құрамасы Ресейдің Сириус қаласында өткен керлингтен Sirius International 2026 халықаралық турнирінде қола жүлдеге ие болды.
Жартылай финалда отандастарымыз «Ресей-3» командасына 3:5 есебімен жол берді. Ал үшінші орын үшін өткен кездесуде Қазақстан құрамасы «Ресей-1» командасын 7:5 есебімен жеңді.
Осылайша, ұлттық құрама турнирді үшінші орынмен аяқтады.
SportPress.kz Қазақстан спорт жаңалықтары