Боксшы Геннадий Головкин футболдан Еуро-2024 іріктеу турниріне қатысып жатқан Қазақстан ұлттық құрамасын Солтүстік Ирландия командасымен матчта қолдау үшін елге келеді. Ол әлеуметтік желіде Қазақстан құрамасының ойынын тамашалайтынын жазды.
Жақында үйімізге ораламыз. Ең алдымен, футболдан ұлттық құрамамызды қолдап, жанкүйерлер жанынан табыламыз, — деді ол Instagram-да.
Еске сала кетсек, Қазақстан мен Солтүстік Ирландия құрамаларының матчы Астанада 10 қыркүйекте болады.
Кеше ұлттық құрама Финляндия жасағымен кездесіп, 0:1 есебімен жеңілген еді. Осы ойынға еліміздің бас командасы қарсыласынан ұтылса да ұлттық құраманы қолдауға өте көп адам жиналды. Жанкүйерлер саны бойынша рекорд жасалды.
Астанадағы кешегі ойынға 30 019 көрермен келді. Бұл — Қазақстан құрамасының тарихындағы өз алаңындағы матчқа келген жанкүйерлер саны бойынша жаңа рекорд.
Бұған дейін стадионға Қазақстан мен Беларусь (2:1) матчына 29 637 адам жиналған болатын.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА
View this post on Instagram