• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Сауапты турнир жалғасын тапты

    Бүгін бір жеңісті, жемісті әрі сауапты күн болды. ГРС пен Өтеген кентінде елге белгілі журналист Әлім Анапияновтың ұйымдастыруымен және тікелей қолдауымен шағын футболдан спорт ардагері Ахмед Давыдовты еске алуға арналған дәстүрлі жарыс болып өтті.

    Турнир ардагерлер арасында болғандықтан жасы 70-ке тақаған спорт ардагерлері алаңда бой көрсетіп, өрнекті ойындарымен көпшіліктің көңілінен шығып жатты. Күн ұзақ алаңда шүмектеп тер төккен ардагерлерге мың алғыс. Өйткені, салауатты өмір салтын насихаттап жүрген осындай футбол десе ішкен асын жерге қоятын ардагер жандардың жарысы жас буынға үлкен өнеге. Сонымен, жарыс қортындысы бойынша Өтеген кентінің командасы бас жүлдені жеңіп алды. Қола жүлде біздің «Қаламгер» командасына бұйырды.

    Турнир соңында әр номинация бойынша үздіктер марапатталды. Үздік шабуылшы атағы елге белгілі атақты әнші-композитор Кенен Әзірбаев атамыздың немересі Мұрат Кененовке табыс етілді. Сондай-ақ, ойын бойы жанымды салып бағыма қарай үш гол салып үлгерген маған турнирдің үздік жартылай қорғаушысы марапаты Алла нәсіп етіп берілді. Командамызда өте сауатты әрі белсенді өнер көрсеткен Дархан Жакешевте жарыстан құр қол қайтпай қанжығасы майланып кубокті алып кетті.

    Хош, жарыс соңында турнир иесінің ұлы Махо мен қызы Сарназ дастархан жайып, әкесіне құран бағыштап, қатысушыларға ас берді. Қоңыр күздің жайма-шуақ жексенбі күнінде өткен игілікті спорт жарысы қатысушларға тамаша көңіл күй сыйлады. Мына бір бескүндік қамшының сабындай қысқа өмірде, ортамыздан озған бақилық жандарды осындай сауабы зор спорттық шаралармен еске алып отырудан басқа не қалады деп айтамыз. «Өлі разы болмай тірі байымайды», демекші, бір жағынан марқұмның әруағын риза етіп екінші жағынан футбол құмар спорт ардагерлері мен дос-жарандардың басын қосатын осындай игілігі зор сауапты шараның ғұмыры ұзақ болса дейміз. «Спорт — денсаулық кепілі» емес пе,  ендеше, аяқ-қолымыз аманда жүгіріп, қозғалыста болайық!

     

    Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,

    АЛМАТЫ

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *