Сербияның Белград қаласында ересектер арасында күрес түрлерінен өтіп жатқан әлем чемпионатының екінші күні ел қоржынына алғашқы жүлде түсті.
86 кг салмақта сынға түскен Азамат Дәулетбеков қола жүлде үшін таласта Бахрейн балуанынан басым түсіп, жүлдемен қоса Париж Олимпиадасының жолдамасын алды. Ал 92 кг салмақта күш сынасқан Ризабек Айтмұхан барлық қарсыластарын ұтып, финалға шықты. Жартылай финалда ол осы салмақтағы (92 кг) көшбасшының бірі грузиялық Мириани Майсураздені 8:1 есебімен жеңді.
Ризабек әлем чемпионатын екінші айналымнан бастаған болатын. Ол әуелі мажарстандық Балаш Юхашты, сосын түркиялық Фейзулла Ақтүрікті таза ұтты. Енді бүгін ол Әзербайжанның балуаны Осман Нурмагомедовпен белдеседі.
Ширек және жартылай финалдағы қарсыласым мықты болды. Қазір олар әлемдік рейтингте менен жоғары тұр. Фейзулла Ақтүріктен осыған дейін екі рет жеңілгенмін. Бүгін сәтін салып, есе қайтардым. Осы жекпе-жектен кейін бойымда сенімділік пайда болды. Грузиялық балуанды барынша шаршатуға тырысып, дегеніме жеттім. Енді финалда барымды салып, елімізге алтын медаль алып қайтуға барымды саламын, — деді Ризабек Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында.
Ризабек Айтмұхан – биыл еліміздің ғана емес, әлемдік күрес мамандарының жоғары бағасын алған бозкілем шебері. Ол жылдың басында Алматыда өткен күрестен Қазақстанның VI Спартакиадасында чемпион атанды. Осыдан кейін көктемде Астанада өткен ересектер арасындағы Азия чемпионатында күміс жүлдеге ие болды. Сондай-ақ, Иорданияның Амман қаласында өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында екінші орын алды.
Қазақстан балуандары 1991 жылдан бері еркін күрестен өткен әлем чемпионатында 16 рет жүлдеге ие болды. Оның бесеуі күміс, қалғаны қола медаль. Ризабек Айтмұханға дейін дүниежүзі додасының финалында Нұрқожа Қайпанов күрескен (70 кг, 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласы).
Айта кететін бәр нәрсе, 92 кг дейінгі салмақ Олимпиада бағдарламасына кірмейді.
Бұдан басқа 57 келідегі Мейрамбек Қартбай қола жүлдеге таласады. Әзірше оның қарсыласы белгісіз. 74 келідегі Нұрқожа Қайпанов пен 79 келідегі Болат Сақаевтар жұбаныш белдесуінде күш сынасады.
Қазір АҚШ құрамасының балуандары 3 алтын, 1 қола жүлдемен жалпыкомандалық есепте топ бастап тұрса, Иран құрамасында 1 алтын, 2 күміс медаль бар. Грузияда 1 күміс, 1 қола, Ресейде 1 күміс медаль. Қазақстан, Түркия, Сан-Марино, Болгария, Қырғызстан және Армения балуандары бір-бір қола жүлдені иеленіп отыр.
Бүгін еркін күрес шеберлері 65, 97 келіде белдесулерін өткізсе, әйелдер күресінен 55, 59 келіде іріктеу кезеңі басталады.
Шамкен БАЙЫРБЕК,
АСТАНА
ФОТО: Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясы