«Ерім!» дейтін елім бар екен! Он тоғыздағы Ризабек соны түсінген шығар. Түсінбеуі, сезінбеуі мүмкін емес. Өйткені, басқа жерді айтпағанда, Астана әуежайындағы тілеулестердің патша көңілі біздің өзімізді толқытып жіберді. Құдды, өз баласы, өз бауыры дүние чемпионы болғандай ақжарма пейіл, айтып болмас шаттық сезім осындағы әр қазақтың жанарынан жұлдыздай жарқырап тұрды.
Жұлдызды жігіттің төбесі көрінген сәтте жайшылықтағы сабырлы, қарапайым бауырлар ду ете қалды. Бір шеттен топ жігіт әсем әнді шарықтатып, қалықтатып жіберді. Бір қапталдан «Қызылту! Қызылту!» деген сондай бір жігерлі үндер тұла бойымызды шымырлатып барады. Иә, Ризабек туған ауданның аты Қызылту екен. Бұрын Көкшетауға қараған, қазір Солтүстік Қазақстанның дәргейінде. Сол қиырдағы ауданнан қуаныштары қойнына сыймай үлкен-кішісі аралас бір қауым ел келіпті. Баяғы атақты балуан, азаматтың ардағы Ахметжан Қазымбетовтің жерлестері. Баяғыда жуан жілік Амангелді Мұсабеков Кавказдағы бір бәсекеде ұстасқандарын оңды-солды шашып тастайды. Сонда арқаланып, рухтанып кеткен Ахметжан аға зәулім спорт сарайының дәл ортасына жүгіріп шығып: «Көрдіңдер ғой, қазақтар осылай күреседі! Ұмытпаңдар, қазақтар осылай күреседі!» деп дүйім жұрттың алдында саңқ ете қалады. Совет өкіметінің ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс заманда бұлай деу Ахаң сынды арыстың ғана қолынан келсе керек. Советтің шеңгелі алқымнан, қос бүйірден қысқан тар кезеңнің өзінде атойлап Ахметжан аға шыққан Қызылтудан енді,міне, дүркіретіп Ризабек шықты.
19-дағы бозбала. Еңкейтіп маңдайынан сүйдім. Ауыл иісі аңқып тұр. Еріксіз жанарым жасаурай берді. Аспаннан шұға жауған бұл сәтті менің асыл ұстазым Сейдағаң, Сейдахмет Бердіқұл өмір бойы аңсап өтті. Бұл сәтті асыл ағатайым, даңқты түйе балуан Әбілсейіт Айханов көрмей кетті. Бұл жеңіс жан дүниесіне ғажап сабыр тұнған, асылдың тұяғы Жақсылық Үшкемпіровтің аңсарлы арманы еді. Ал кеше «Ризабекке ел риза» деген Дәулет Тұрлықанов жанарынан ытқып кеткен ыстық жасын жасыра алмады. Қысқасы, еркін күрес Қазақ еліне 1950 жылдардың ортасында жетсе, жетпіс жылдай уақыт Ризабектей бір әлем чемпионын аңсаумен болдық.
Аллаға шүкір! Мұны да көрдік. Мәскеу олимпиадасында чемпион атанған мезет Жақсылық ағам: «Бұл көшті менен гөрі еңселі қазақ бастаса жарасар еді» деп, жан сырын ақтарып салса, енді міне, еркін күрестегі әлем чемпиондарының көшін еңсегей бойлы Ризабек Айтмұхан баламыз бастап отыр!
Қанқұйлы совет өкіметі рухын жанши алмаған Қызылту жұртының бүгінгі шат көңілі, «Ұлым!» деген ып-ыстық сезімі жанымызды тербеп жіберді. Ризабек үшін жер түбінен шауып жеткен үркердей ағайын ұлдарын аспанға қақпақылдай жөнелгенде Астана әуежайы бір сәт демін ішіне тартып, тына қалғандай әсерге бөлендік.
Иә, елім бар екен!!!
Қыдырбек РЫСБЕК, спорт тарихшысы
АСТАНА