Кеше Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан Азия ойындарында маунтинбайктен Қазақстан құрамасының спортшысы Алина Сарқұлова спорт киімдерінің сын көтермейтінін, аяқ киім мен жейденің жыртыла беретінін айтып, видео жариялаған болатын.
Мен кроссивкимен екі рет қана жүрдім. Екінші рет кигенде жыртылып кетті. Жейдемді қараңыздаршы жібптері сөгіліп жатыр, — деген еді ол.
Бүгін Туризм және спорт министрлігінің Спортты дамыту дирекциясы ұлттық құрама спортшыларының киіміне байланысты мәлімдеде жасады.
Қолданыстағы қаулыға сәйкес кез-келген спорттық киім-кешек отандық тауар өндірушілерден сатып алынуы керек. Ондай тәжірибе бар. Ұлттық құрамалар ірі жарыстарға киім-кешекті тек отандық өндірушілерден ғана сатып алады.
Қазақстанда да осы тәжірибе бойынша спорттық форма отандық өндірушілерден сатып алынды.
Дизайн, мата сапасы мәселелері федерация өкілдерімен талқыланды. Шешім алқа отырысында қабылданды. Спортшылардан комитетке шағым түскен жоқ, — делінген мәлімдемеде.
Сонымен бірге дирекция Азия ойындарында осындай жауапты сайыстар кезінде спортшылардың эмоцияларына түсіністікпен қарайтынын, қазір спортшыларға қажетті жағдай жасау үшін барлық бағытта жұмыс істелініп жатқанын атап өтті.
Осы мәселе бойынша Туризм және спорт министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева да түсініктеме берді.
Азия ойындарынан кейін арнайы комиссия құрылып, спортшылардың түрлі жарыстарда өнер көрсетуі үшін спорттық форма дайындау мәселелерін зерттейді.
Қолданыстағы заңнама бойынша спорттық киім-кешек тізілімге кіретін және индустриялық сертификаты мен СТ-KZ сертификаты бар отандық тауар өндірушілерден сатып алынуы тиіс.
Спорттық форма осы сертификаты бар өндірушілерден сатып алынды. Айта кету керек, индустриялық сертификаты мен СТ-KZ сертификаты бар отандық өндірушілер саны аз, — деді ол.
Оның айтуынша, «КазСпо-N компаниясы «Zibroo» ЖШС, ЖК 79-шы КВАРТАЛ және «ТОРИ КОМПАНИ» ЖШС-мен шарт жасалды.
Жеткізу толық көлемде жүзеге асырылды. Мысалы, Zibroo компаниясы біздің спортшыларымыздың Олимпиада және Азия ойындарына қатысуы үшін жабдықтарды тігіп, өзін адал жеткізуші ретінде көрсетті. Спорттық жабдықтардың дизайны бірнеше рет әлемдік аренадағы ең жақсылардың бірі ретінде атап өтілді. Сондай-ақ, жеткізуші компаниялар қажет болған жағдайда форманы ауыстырып беруге дайын.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін дизайн мен сапасы федерация өкілдерімен келісілген болатын және спортшылар тарапынан шағым түскен жоқ, — деді министрліктің ресми өкілі.
Дастан КЕНЖАЛИН,
АСТАНА
View this post on Instagram