• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    ІV Азия Пара ойындары: Қазақстан спортшылары 14 жарысқа қатысады (ВИДЕО)

    22-28 қазан аралығында Қытайдың Ханчжоу қаласында ІV Азия Пара ойындары болады. Осы жарысқа елімізден 131 спортшы қатысып, спорттың 14 түрінен күш сынасады. Олар 485 медаль үшін жарысады. Қазақстан спортшылары жарыстың пара таеквондо, пара велоспорт, пара каноэ, пара ескек есу және бочча түрінен Азия пара ойындарында алғаш рет өнер көрсетеді.

    Ойындардың ашылуы мен жабылуы салтанатында еліміздің туын ұстаушылар волейболдан Азия чемпионатының күміс жүлдегері параспортшымыз Жанғали Сүйеуов және пара үстел теннисінен халықаралық жарыстардың чемпионы Алтынай Ержанқызы.

    Бұл туралы туризм және спорт вице-министрі Сәрсен Құранбек айтты. Оның айтуынша, спортшылар жарысқа жақсы дайындықпен бара жатыр.

    Осы күнге дейін 44 оқу-жаттығу жиыны өткізілді. Қазіргі таңда тікелей осы ойындарға қатысты 10 оқу-жаттығу жиын болып жатыр. Спортшыларымыз 47 стартқа қатысты. Жалпы командамыз жақсы дайындықпен бара жатыр деп айта аламыз. Біз 6 алтын жүлде алып, өткен Азияның Пара ойындарына қарағанда көрсеткішімізді жақсартып, 12-орынға шығамыз деп спортшыларға үлкен үміт артып отырмыз, – деді ол.

    Паралимпиадашылардың киіміне келсек, вице-министр «ҚазСПО-N» ЖШС-ның киім тігіп бергенін, спортшылардың формасы осы кәсіпорыннан сатып алынғанын айтты.

    Біз мемлекеттік сатып алуларда Қазақстан Республикасының заңнамасын ұстанамыз және соған сәйкес ұлттық командалар бірінші кезекте отандық киім-кешекпен басқа да заттармен қамтамасыз етіледі. Заңнамаға сәйкес біз қазақстандық өндірушілердің киім-кешегін, спорттық формаларын сатып алуымыз керек. Бұл жағдай Қазақстанның жеңіл өнеркәсібіне қолдау көрсету мақсатында қарастырылған. Сонымен қатар, ҚР заңнамасына сәйкес ұлттық командаларға арналған киім-кешек бір көзден баламалы тәсілмен сатып алынады. Паралимпиадалық ұлттық командаларға арнап дәл осы әдіспен өндірушілерден спорттық формалар сатып алынды. Олар көп емес, нақты айтатын болсақ, бұл ZIBROO брендімен «ҚазСПО-N» ЖШС», – деді Сәрсен Құранбек.

    Параазиадада жалпы саны спорттың 22 түрінен 564 жүлде жиынтығы ойнатылатын болады. Атлеттер пара дзюдо, пара пауэрлифтинг, пара жүзу, пара жеңіл атлетика, пара таэквондо, пара оқ ату, пара садақ ату, отырып ойнау волейболы, пара үстел теннисі, пара велоспорт, пара академиялық есу, шахмат, бочча, каноэ сынды жарыстарға қатысады.

    Еске сала кетейік, спортшылар мен жаттықтырушыларды бір жолғы қаржылай қолдау Азия ойындарының жүлдегерлерімен бірдей мөлшерде болады. Осылайша, Азия Пара ойындарының чемпионы атанған спортшы 10 000 АҚШ доллары көлемінде ақшалай сыйақы алады. Ал алтын медаль иегерін жарысқа дайындаған жаттықтырушы – 5 000 АҚШ доллары. Параазиаданың күміс жүлдегері 5 000 АҚШ доллары, ал оның жаттықтырушысы 3 000 АҚШ долларын алады. Сондай-ақ қола медаль жеңіп алған ұлттық құраманың спортшысы үшін 3000 АҚШ доллары көлемінде ақшалай ынталандыру және оның жаттықтырушысы үшін 2 000 АҚШ доллары көлеміндегі сыйлық қарастырылған.

    2018 жылы Индонезияның Жакарта қаласында өткен Азия Пара ойындарына елімізден 9 спортшы қатысқан болатын. Жалпы саны 5 алтын, 15 күміс, 13 қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте Қазақстан 13-орыннан көрінді.

     

    Дастан КЕНЖАЛИН,

    АСТАНА

    ФОТО: Туризм және спорт министрлігінің Спортты дамыту дирекциясы

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *