• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Оралда үздік спорт клубқа құрмет көрсетілді

    Бүгін Орал қаласында Батыс Қазақстан облысының бір топ үздік спортшылары мен ұстаздарын марапаттау салтанаты болып өтті.

    Атап айтар болсақ, 7 желтоқсан күні Алматыда өткен «Жыл үздіктері-2017» байқауында БҚО мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубы еліміз бойынша ең үздік спорт клубы атанған болатын. Бірақ марапаттау салтанатына клуб өкілдері қатыса алмады. Сол себептен тағдырдың қатал сынына мойымай ағысқа қарсы жүзген қайсар жандардың марапатын өзіміз əкеліп тапсыруға шешім қабылдадық.

    Салтанатты шараға облыс спортының басшысы Əсия Рахымқызы қатысып, құттықтау сөз сөйледі. «Спорт жұлдыздары» журналының бас редакторы Мұсағали Тасқалиев клуб директоры Азон Шаймардановқа «Жылдың үздік спорт клубы-2017» сертификаты мен статуэткасын жəне «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісін табыс етті.

    Азон ағамыздың облыста мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубын ашуға сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Ол кісінің 2013 жылы Маңғыстау облысынан Оралға көшіп келгендегі арманы клуб ашу болатын. Журналымыздың мұқабасына ағамызды шығарып «Ағысқа қарсы жүзген адам» деген мақала жариялаған едік. Азекең сол арманыңа жетіп 2016 жылы спорт клубы ашылып, бір жылда өте үлкен белестерді бағындырды. Мұның бəрі мүмкіндігі шектеулі жан болса да халықаралық дəрежедегі спорт шебері, Қазақстан Республикасының құрметті спорт қызметкері Азон ағамыздың еңбегі екені даусыз. Ағамыз жақында бапкерлікпен айналысу үшін директорлықтан бас тартып, орнына Динара Əйтиева тағайындалса да жүлде Азекеңе табыс етілді. Ондағы мақсатымыз ағамыздың атқарған еңбегіне лайықты бағасын беру болатын. Ендігі жерде Динара ханым ол кісі бастаған істі жалғастырып əкетеді деген ойдамыз.

    Сонымен қатар шара барысында үздік дене шынықтыру пәні мұғалімдері Шамур Төлешов пен Аян Жұмағалиевтер жəне үздік музыка пəні мұғалімдері Айшабибі Үмбетиярова мен Гүлзина Еслямғалиевалар төсбелгілермен марапатталды.

    Шара соңы мерекелік ақ дастархан басында жалғасын тапты. Клуб атынан влейболдан еліміз бойынша алғашқы КСРО спорт шеберлерінің бірі Гүлнар Спанова редакция ұжымына сыйлық ұсынды.

    Марапаттарыңыз құтты болсын əріптестер!

    Болатбек САҒЫМБАЕВ,

    ОРАЛ

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *